Хабар телеарнасы

Оқушы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты

Абай облысында 9-сынып оқушысы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты. Жезкент кентінің тұрғыны Нұрәлі Амангелдиев инновациялық жобасы арқылы ғарыштағы жерсеріктер мен станцияларды энергиямен қамтамасыз етуді көздейді. Нұрәлі өнертабысын екі жылда жасап шығарған. Қазір құрылғы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. 

Нұрәлі Амангелдиевтің өнертабысы екі ғарыш кемесінен тұрады. Біреуінде лазер сәулесін жіберетін жүйе орнатылған. Лазерлік сәуле фоторезисторға түсіп, электр энергиясын өндіреді. Қазір құрылғы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Яғни онымен шағын шамды жағуға немесе ұялы телефонды қуаттауға болады.

Нұрәлі Амангелдиев, оқушы: 

- Ол кезде менің жасым онда болатын. Ағамның шығармашылық жұмыстарына қатты қызықтым. Оның құрылғыларды қалай жасайтынын үнемі бақылап отыратынмын. 3-4 жылдан кейін өзімнің жобамды жасауға кірістім. Енді оны әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмын.

Дарынды баланың ата-анасы ауылдағы мектепте мұғалім. Оқушыға жетекшілік еткен анасы Наталья Елубаева информатика пәнінен сабақ береді. Ұстаз баласының бойындағы қызығушылықты бірден байқаған.

Наталья Елубаева, информатика пәнінің мұғалімі: 

- 2019 жылы Мәскеу қаласында өткен байқауға қатысты. Онда екінші орынды жеңіп алды. Қазылар алқасы баламның жұмысын оң бағалаған еді. Бұл оған үлкен мотивация болды деп ойлаймын.

Нұрәлі Амангелдиев шығармашылық жұмысқа, IT саласына бала күнінен қызығады. Осыған дейін төрт жоба әзірлеген. Соның бірі «Сатылмайтын Алпамыс» деп аталды. Бұл ойын сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған. Қазір оқушы жобасын барша тұрғындарға қолжетімді етуді көздеп отыр.

Қанат Елубаев, құқық негіздері пәнінің мұғалімі: 

- Биыл желтоқсан айында республикалық конкурсқа қатысып, 1-ші орынды иелендік. Сатылмайтын Алпамыс ойынын дамыту үшін 1 млн грант алдық. Енді бұл бағдарламаны телефонға енгізуді көздеп отырмыз. Сонда жастар бұл ойынды еш кедергісіз жүктеп алып, ойнай алады.

Салтанат Заманбекова, облыстық Білім басқармасының баспасөз хатшысы: 

- Республикалық зерттеу жобалар конурсының облыстық кезеңі өтеді. Бұл конкурс оқушылардың зерттеу дағдыларын қамтуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, сондай-ақ өздерінің ұсынған жұмыстарын ғылыми тұрғыда таныстыруға мүмкіндік береді.

Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр.

Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов