Хабар телеарнасы

Абай облысының шаруалары шығынға батты

Абай облысы Шолпан ауылының шаруалары шығынға баттық деп отыр. Елді мекенде екі апта бұрын бұршақ жауып, егістіктегі өнім түгелдей жарамсыз болып қалған. Миллиондап несие алғандар жергілікті биліктің көмегіне зәру.

Алмас Сәдуақасов биыл 4 млн теңгеге жуық несие алып, 20 гектар жерге қауын-қарбыз еккен. Бірақ бақша дақылдарын түгел бұршақ ұрып кеткен. Шаруа шығынға баттық, – деп отыр.

Алмас Сәдуақасов, шаруа:

- Пісіп тұрған қарбыз түкке жарамсыз. Бұны енді ауылдың малы кіреді де, солар жейді. Мен енді поляны тастадым. Енді үкіметтен тек қана сол кредитті жауып беретін көмек сұрап отырмын.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Дәл қазір мен тұрған аумақ 20 гектар қауын-қарбыз алқабы. Дәл осындай бірнеше шаруа қожалығының өнімі қазір жарамсыз болып тұр. Бұршақ ұрып кеткен қауын-қарбызды жай ғана қозғасаң, осылай езіліп жатыр. Бұзылған өнімнің иісі де қолқаны қабады.

Айша Базарбекова отбасымен түгел ала жаздай алқапта еңбек етеді. Биыл қауын-қарбыз егіп, мол табысқа кенелуді көздеген. Бұршақ бір-ақ күнде өнімін тып-типыл етті.

Айша Базарбекова, Шолпан ауылының тұрғыны:  

- Биыл міне, тіршілігіміз тоқтап қалғандай. Ақылы оқитын баламыз бар. Соның оқуын төлейміз деп отырған едік. Қаншама жоспарымыз болған. Сол жоспарымыздың бәрі күл-талқан болды.

Күнкөрісін қара жерден тауып жүргендер әкімдік өкілдерін шақыртқан. Егер бақша дақылдары сақтандырылмаса, шығын өтелмейді, – деп отыр олар. Жалпы Үржар ауданында 1500 гектар жерге қауын-қарбыз егілген.

Ерзат Болатов, Үржар аудандық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аталған өтініштер ҚР заңнамасына сәйкес қаралып, жауап беріледі. Шығындарын өтеу бойынша заңда қарастырылмаған. Біз бүгінгі күнде банкпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оларға қызметтік хат жолдадық. Банк бұл мәселелерді қараймыз деп отыр.

«Егер банктер оң шешім шығарса, онда несиені өтеу мерзімі бір жылға шегеріледі. Бұдан басқа ешқандай жеңілдік берілмейді»,- дейді жергілікті билік өкілдері. Ал шығынға батқан шаруалар: «Үкіметке хат жолдаудан басқа амалымыз жоқ», – деп отыр.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы