Қазақстанда цифрлық технологияны дамыту қарқын алды
Қазақстанда цифрлық технологияны дамыту қарқын алды. Тек биылдың өзінде IT компаниялардың саны 18 683-ке жеткен. Саладағы стартаптарды ілгерілету орталығына айналған «Astana Hub» халықаралық технопаркіндегі қатысушылардың жалпы табысы 1,2 трлн теңге болды. Мұндай жетістікті БҰҰ-да бағалап отыр. Қазақстан цифрландыру саласы бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-ші орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексінде 10 көшбасшының қатарына енді. Ал қызметтерді электронды түрде алу көрсеткіші 92% жеткен. Бұл салада бүгінде 187 мың адам еңбек етеді. Ал ел өңірлерінде 18 аймақтық хаб жұмыс істейді.
Қаныш Төлеушин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:
-«Astana Hub»-тың методикасын әрі қарай масштабтау мақсатымен қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде 18 өңірлік хабтар аштық. Олар қазір осы методикасын әрі қарай ұлғайтып жатыр. Енді біздің осы экспортты әрі қарай күшейту үшін біз жаһандық деңгейде жұмысқа үш халықаралық хабтар қостық.
Цифрландыру саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру жалғасады. Оның аясында келер жылы елордада жасанды интеллект орталығы ашылмақ. Сондай-ақ egov порталы жетілдіріледі.