Астанада халықаралық жасанды интеллект орталығы пайда болады
Астанада халықаралық жасанды интеллект орталығы пайда болады. Ол Expo кешенінде орналаспақ. Қазір ғимаратты аталған орталықтың қызметіне қарай бейімдеу жұмыстары басталған. Мұны бүгін «Астана Хаб» технопаркінде өткен Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты. Ал халықаралық жасанды интеллект орталығын ашуды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. Жиында тағы не айтылды?
Бүгінгі Үкімет отырысының дәл осы ғимаратта өтуі бекер емес. Себебі бұл еліміздегі барлық цифрлық жүйелердің отаны әрі жүрегі деуге болады. Яғни дәл осы жерде адам өмірін жеңілдететін қолданбалардың барлығы дүниеге келеді.
Жиында министр Жаслан Мәдиев, ең алдымен еліміздің цифрлық саладағы жетістіктерін баяндады. Бүгінде тұрғындар бұрынғыдай жеке куәлігі мен басқа да құжаттарын жоғалтып алам деп алаңдамайды. Барлығы телефонда тұр. Анықтамаларды да үйде отырып ала береді. Одан қалды онлайн нотариус тағы бар. Енді осындай цифрлық жүйелердің барлығы жасанды интеллект элементтерімен толықтырылып жатыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Азаматтардың өміріне қажетті көптеген сала цифрлық форматқа ауысқанымен, кей адамдар әлі күнге дейін оларды қалай қолдану керектігін білмейді. Сол себепті де Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барғанды жөн санайтындар баршылық. Сондықтан біз ақпараттық жүйелерге виртуалды көмекші қызметін қостық. Оның көмегімен қажетті анықтамалар мен басқа да мәліметтерді оңай алуға болады.
Осылай деген министр, egov порталындағы виртуалды көмекшінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Мен жаңа ғана айтқандай, біз тестіні бастадық. Тілдік модельді дайындап қойдық. Шығардық оны. Келесі қадам – жаңа функциясын енгізу. Ол «спэйч ту текст» функциясын енгізген кезде ол қазақша да сөйлей бастайды.
Енді жасанды жадының көмегімен әкімдердің жұмысына да баға беруге болады. Нақтырақ айтсақ, биыл тамыз айында әр ауданның әлеуметтік картасы әзірленген. Онда халықтың қанша пайызы жұмыссыз екені, үй-күйі жоқ адамдардың саны мен арыз-шағымдардың санаты көрсетіледі. Тіпті жасанды интеллект әкімдерге жұмысты қай бағытта күшейту керектігін де айтып береді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Бұл біз жүзеге асыра алатын бастапқы кезең. Қазір біздің алдымызда Еңбек тәуекелдерінің картасымен тікелей интеграциялау міндеті тұр. Онда әкімге зейнетақы жарналарын аудармайтын, жалақы бойынша берешекке жол беретін кәсіпорындардың нақты атаулары көрсетілетін болады. Келешекте мемлекеттен қаржылай қолдау алып, өз міндетін орындамаған өндіріс ошақтары да жасанды интеллектінің көмегімен анықталатын болады.
Мұның барлығы сан саладағы цифрлық платформалардың өзара байланысы арқылы жүзеге асырылады. Дәл осылай өндіріс ошақтарының жұмысын да бақылауға болады. Кімнің қанша өнім өндіргені, өнімін қайда сатқаны, мемлекеттен қандай көмек алғаны, бәрі-бәрі ақпараттық жүйеге енгізіледі. Даладағы қоқыс үйілген орындарды анықтау мен ормандардағы заңсыз ағаш кесуді әшкерелеу де ғарыш арқылы біраз жылдан бері іске асырылып келеді. Бірақ ең бастысы жасанды интеллект тек мемлекеттік аппараттың жұмысын емес, халықтың да өмірін жеңілдетуі тиіс.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Бүгінде азаматтардың көпшілігі жасанды интеллекті туралы біле бермейді. Цифрлық қызметтердің дені қарапайым халық үшін күрделі. Оларды барынша оңайлату керек. Оларды қалай пайдалану қажеттігі туралы халыққа кеңінен түсіндіру қажет. Жасанды интеллектіні қолданудың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды мәселе.
Жауапты министрлік келешекте 1 млн адамға жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретеміз деп отыр. Айта кетейін, жиын соңында ақылды жүйе Үкімет отырысының хаттамасын өзі әзірлеп, тиісті ведомстволарға тапсырма да жолдады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов