Хабар телеарнасы

Биыл заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі

Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланған. 152 білім ошағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша іске асырылады. Бүгінге дейін бұл салада жүзден астам нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ былтыр өңірлерде жаңадан 500-ден астам бөбекжай ашылған. Осының арқасында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 92 пайызға дейін жетіпті.

Жаңа метептер салу. Бұл жоба арқылы үш мәселені шешу көзделген. Ол – апатты мектептерді жаңарту, үш ауысымды оқуды азайту және білім сапасын арттыру. Осы мақсатпен 2024 жылы 37 «Жайлы мектеп» салынды. Айта кетейік, оның 18 ғимараты мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен тұрғызылған. Басқа да жобаларды қоса алғанда былтыр еліміз бойынша 109 мектеп ашылған.

Жаңа ғимараттарды пайдалануға беру арқылы жаңа жұмыс орындары құрылды. Нақтырақ айтсақ, мектептердегі педагогтардың саны 8 мыңға көбейген. Жас мамандардың көбі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында жұмысқа қабылданған.

Айман Дүйсенбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы:

- Білім беру жүйесіне жас мамандарды тарту үшін бірқатар шаралар атқарылып келеді. Гранттар саны артты. Стипендия мөлшері 58 мыңнан 78 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлердің ҰБТ бойынша орташа балы 115 балды құрады.

Алдағы жоспар да ауқымды. Биыл 217 мектеп пайдалануға беріледі. Келесі жылы 152 білім ордасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар 740 мың оқушыға шақталған.

Оқушылардың жетістігіне де бір тоқталып кетейік. Түрлі халқаралық және әлемдік жарыстарға қатысып, 563 медаль алыпты. Оның 77-сі - алтын, 201-і - күміс және 285 қола медаль иеленген.

Бұған кері көрініс те бар. Жасөспірімдер арасында буллинг көбейіп барады. Жағдайды түзеу үшін еліміздің барлық өңірінде алғаш рет психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ондағы мамандар 240 мың оқушы мен олардың ата-аналарына әдістемелік және құқықтық кеңес беріпті.

Сондай-ақ былтыр өңірлерде жаңадан 500-ден астам бөбекжай ашылды. Өз кезегінде 2 мен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылу үлесі 92 пайызға жеткен. Мамандардың айтуынша, Шымкент қаласы, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында көрсеткіш едәуір жоғарылаған.

Ердәулет Ыбырайұлы