Тараздық оқушылар қоқыс сұрыптайтын жәшік ойлап тапты
«Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес», - деген еді Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында. Расында, жасанды интеллект жұрттың өмір туралы ұғымын түбегейлі өзгертетін түрі бар.
Жуырда тараздық оқушылар қоқысты автоматты түрде сұрыптайтын жәшік ойлап тапты. Сенсор және камерамен жабдықталған ақылды жәшік 5 түрлі қоқысты сұрыптауға арналған. Қағаз, пластмасса, шыны мен темір және органикалық заттарды тани алады. Күн панелінен энергия алып, толған сәтте коммуналдық қызметке хабар береді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қанат, Барысхан және Сұлтан өздері жасаған жобаны патенттеп те үлгерген.
Қанат Тәжіхан, жоба авторы:
- Қоқысты сұрыптау арқылы біз қайта өңделетін материал ретінде қолданып, оны қайта өңдеп, қайта қолданамыз. Бұл үнемдеп, көп табыс әкеледі. Мысалы, Герамания жылына оны өртеп, энергия шығарып, қайта сұрыптап, қайта өңдеу арқылы 200 млрд еуро жасайды.
Елмұрат Сырғашев, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС басшысы:
- Ғылыми және өнеркәсіптік база әрқашан бірге жүруі керек. Сонымен мен айтып отырмын, олар ғылыми түрде бізге дәлелдеп берсе, осындай бірі дұрыс деп. Біз эксперимент ретінде 1-2 жерге қоюға дайынбыз.