2025 жылы колледждерде тегін оқитын студенттер саны артады
Биыл бірінші қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Ал оқу гранттарының саны 10 мыңға артып отыр. Мұның барлығы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға бағытталған шаралар.
Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кеңес әскерлерін танымал радиоқабылдағыш және радиопеленгатормен қамтамасыз еткен зауыт. Қазір мұнда радистанциядан бастап мұнай айдауды басқару блогына дейін өндіріледі. Кәсіпорында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Бірақ кадр тапшылығы да бар.
Алмас Нұрмағамбетов, зауыттың бас директоры:
- Зауытқа жас маман жетіспейді. Қазір ірі кәсіпорындармен бірнеше келісімшартқа қол қойдық. Демек жұмыс көлемі де артады. Нағыз жұмыс істейтін уақыт. Бірақ өндірісте инженер, дәнекерлеуші, токарь, электр монтаждаушы сынды мамандар тапшы. Әсіресе жаңа үлгіні жақсы меңгерген жас мамандар қажет.
Ал жаңа қондырғылардың тілін білетін мамандарды колледждер даярлайды. Елімізде 770-тен астам орта арнаулы оқу орны бар. Жыл сайын 150 мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Алайда дені өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге асықпайды. Себебі жалақысын аз, беделін төмен көретін. Енді жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге үлкен мән беріліп отыр.
Санжар Тәттібеков, «Talap» коммерциялық емес АҚ президенті:
- Колледждердің мәртебесін артыруға бағытталған тағы бір бағыт – бұл жан басына қаржыландыру мөлшерінің өскендігі. Бізде 437 мыңнан орташа есеппен 912 мыңға дейін өсіп отыр. Яғни колледждердің әл-ауқатын көтеруге бағытталған үлкен кешенді бағыт деуге болады.
Кәсіптік-техникалық колледждермен бизнес арасындағы байланыс та артады. Яғни студент енді жұмыссыз қалмауы керек.
Санжар Тәттібеков, «Talap» коммерциялық емес АҚ президенті:
- Екінші бағыт – шефство. Қамқорлыққа алу, колледждерді бизнес тарапынан. Бізде енді 518 кәсіпорынымыз 400-ден асам колледжді қамқорлыққа алған болатын болса, оның санын 4 мыңға көбейтейін деп отырмыз. Бұл қалай жүзеге асырылады? Мынау әрбір колледждегі әрбір мамандыққа белгілі бір қамқорлық иесі болса. Яғни бизнес тарапынан бұлармен тығыз қарым-қатынаспен жұмыс жасайтын болады.
Одан бөлек, биылдан бастап техникалық және кәсіптік білім беру бойынша оқу гранттарының саны 10 мың орынға көбейді. Яғни бұрын 143 мың бала тегін оқыса, енді 153 мың студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Демек жұмысшы мамандарды ынталандырудың алғышарттары бар.
Алуа Маханбет, Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Аманжол Байғазин