Хабар телеарнасы

МӘМС жүйесі үмітті ақтады ма?

Басқа емес бұл өзіміздің Қазақстанда болған жағдай. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің есебінде осындай ақпарат жазылған. Тіпті сол науқасты емдедік деп қордан ақша да алған. Не керек, 28 млрд теңгеге көрсетілген медициналық қызмет расталмады. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осының бәрі айтылды. Сақтандырудағы сәйкессіздік мұнымен шектелмейді. 

Жиын әдеттегіше салаға талдау жасау, жауаптылардың есебін тыңдаудан басталды. Қазір елімізде 16 млннан астам адам МӘМС-тің қатысушысы. Соңғы үш жылда олардың медициналық қызметке деген қанағаттану деңгейі 47%-ға дейін төмендеген. 3,6 млн адам сақтандыруға қатыспайды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есеге артты. Дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскенін айтып кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34%-дан 28%-ға дейін азайды. Алайда әлі де жоғары болып қалып отыр.

Сөз кезегі депутаттарға келгенде жағдай өзгерді. Емханаларда кезек мәселесі әлі толық шешімін таппаған. Ал кей медициналық мекемелер, керісінше, қызметті «шектен тыс көп» көрсеткен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Остеохондрозды анықтау үшін бір науқасқа рентген, компьютерлік томография, МРТ жүргізіледі. Себебі бұл ақша табудың «заңды жолы». Неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиникалық соғұрлым көп пайда табады.  Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге?

Негізі МӘМС мәселесі Мәжілісте осыдан 1,5 жыл бұрын қаралған. Сол кезде дәл осы кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар берілген. Депутаттар бүгін соның қаншалықты орындалғанын сұрады.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Сұрақты қайталамаңыз. Қарапайым тілмен айтыңыздар, сонда ғана біз сіздерге көмектесе алатын шығармыз.

Жүйедегі жүйесіздіктің себебі - басшылықтың жиі ауысуынан ба,- деген де болжам бар. МӘМС-ті 4 жылда 7 адам басқарған.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Міндетті медициналық сақтандырудың ақшасы мұндай қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ медициналық мекемелерге бөлінген. Мәселен, оның ішінде «Салауат Астана» мен «Шипагер» серіктестіктері бар. Оларға 9 және 7 миллиард теңге бөлінген. Ақша қашан қайтарылады?

Тағы да мардымды жауап болмады. Негізі бүгін 40-қа тарта сұрақ қойылды, ал жиын 3,5 сағатқа созылды. МӘМС-тің қазіргі халін тесік қайыққа теңегендер де болды. «Ол 2031 жылы суға кетуі, яғни, өз міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін»,– деген де болжам айтылды. Өйткені қордың қаржылық моделінде бірқатар кемшілік бар. Нақтырақ айтсақ, кірісіне қарағанда шығысы жоғары.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов