Аллергия тұқым қуалайды – аллерголог
Қазақстанда халықтың 37%, яғни 7 млн адамның тыныс алу жолдары қабынған. Одан бөлек соңғы жылдары дәрі-дәрмекке аллергия да көбейіпті. Астанада отандық және бірнеше шет мемлекеттен келген білікті мамандар саладағы мәселелерді талқылады. Дәрігерлердің сөзінше, бұл аурудың жазылуы өте қиын. Қазір әлем ғалымдары оның емін іздеп жатыр. Оның үстіне аллергологтар тапшы. Біздің елде небәрі 120 адам осы істің маманы. Ал ең күрделісі аталған дерт тұқым қуалайды, әрі бір адамда оның бірнеше түрі кездесуі мүмкін.
Ғалия Түсіпбекова, ҚР ПІБ ауруханасының бас аллергологы:
-Отбасында бір адам аллергиямен ауыратын болса, оның 15-30% шамасында баласы аллергиямен ауыруы мүмкін. Аллергия алмасып та отырады. Бір аллергиямен өмір бойы жүруі мүмкін немесе бір аллергияны тоқтатып, басқа аллергия қосылуы мүмкін. Мысалы, бала туғанда беті қышып дерматит болатын болса, 4-5 жастан бастап өсімдіктерге болуы мүмкін.