Алматыдағы бұрынғы теміржол ауруханасы құлаудың аз-ақ алдында тұр
Денсаулық сақтау нысандарын жөндеу бойынша бірнеше жоба мерзімінен кешігіп жатыр. Мәселен, Алматыдағы бұрынғы теміржол ауруханасы қазір құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бұған қоғам белсенділері алаңдаушылық танытып отыр. Өйтетіндей жөні бар. Себебі нысан жергілікті маңызы бар сәулеттік ескерткіш тізіміне кірген. Оны осыдан бірнеше жыл бұрын қала әкімдігі өз меншігіне алып, орнына балаларды оңалту орталығын ашамыз деген. Алайда бұл іс ілгерілемей-ақ қойды. Ғимаратты қалпына келтіру ісінің кешігуіне не себеп?
Қаланың қақ ортасындағы бұл тарихи ғимарат 1948 жылы салынды. Ал 2018 жылы қала әкімдігінің меншігіне өтті. Содан бері қараусыз тұр. Қазір терезелері шағылып, қабырғасы қақырап жатыр.
Алмалы ауданының әкімдігі бұған дейін онда оңалту орталығы салынатынын хабарлаған еді. Бірақ айтылғанымен ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Қазір ашық-шашық жатыр. Қоршалды деген аты ғана. Айналасы толған қоқыс. Оған қоса бұл жер тұрақты мекенжайы жоқ ішкілікке салынған адамдардың панасына айналған.
Салтанат Тәшімова, қоғам белсендісі:
-Бұл мәселені біз 2019 жылдан бері айтумен келеміз. Сол кезде ғимарат жеке инвесторлардың басқарлына берілген. Кейін әкімдікке қайтарылды. Күзетсіз, күтімсіз қалғандықтан апатты жағдайға жетті. Ішінідегі заттар тоналды. Былтырғы өрттен соң ғана айналасы қоршалғандай болды. Оның өзі жеткіліксіз. Әкімдік екі жыл бұрын оңалту орталығын саламыз деп уәде еткен. Біз қоғам назарын осы мәселеге аударғымыз келеді.
Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары былтыр мамыр айында басталуы керек еді. Алайда құжаттама кеш әзірленген. Оның үстіне мердігердің жұмысынан кемшілік шыққан. Содан кейін тексеріс қайта өткізіліп, сараптама жасалды» дейді құрылысқа жауаптылар.
Дәулет Еламанов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Қазіргі таңда жобалау сметалау құжаттама мемлкеттік сараптамадан өтуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында оң қорытынды, сараптама оң қорытынды алынса құрылыс жұмыстары осы жылдың маусым айында басталады.
Ескі ғимаратты қайта жөндеп, қалпына келтіру үшін 6 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Оңалту орталығын салу үшін инженерлік және комуникациялық жүйелер жаңадан тартылады. Жоба бойынша 150 орындық мекеме құрылысы келесі жылы аяқталуы керек. Әрине, оған дейін қалалық әкімдіктің жоспары тағы өзгеріп кетпесе игі.
Авторлары: А. Сәдуақас, Ә.Нарымбаев