Енді Үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту жөніндегі шаралар кешенін дайындайды. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрлерге он күн ішінде заңнамаға түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазірдің өзінде бірқатар заңнамалық түзету дайындалып жатыр. Атап айтқанда, дәрігерге жасалған шабуылды құқыққорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, медицина қызметкерлеріне смарт-бейнежетон беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйесін енгізу көзделіп отыр.