Қазақстандықтардың отандық тегін медицинаға көңілі толмайды
Халық арасында жүргізілген сауалнама осыны көрсетті. Екінің бірі денсаулық сақтау саласына шағымданады. Айтуларынша күрделі ауруларды былай қойғанда, қарапайым талдауларды тапсырып, қажетті дәрігеріңе көрінудің өзі мұң. Алайда жауапты министрлік жылдан жылға бәрін жеңілдетіп жатырмыз дейді.
«Қызылордалық Мәуие Байсариева бізде дәрігердің қабылдауына жазылу үшін кемінде бір ай кетеді»,—дейді. Жақында жарақаттанып қалған ол ақылы емханаға барыпты.
Мәуие Байсариева, Қызылорда облысының тұрғыны:
- Құлап, жаныма батқан соң бірден бола қоймады. Ақтөбеге барып көріндім. Бәрі ақылы түрде. Анализдер де ақылы, дәрігерге көріну де ақылы.
Басқа келушілер де осындай пікірде.
Зәуре Сүтенова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Алдымен терапевтен өту керекпін. Ол беретін анализдерді өтесің. Тағы да кері бару үшін сол узкий специалистке тағы да терапевке жазылу керексің. Сонда қалай емделеміз? Уақытымыз 3-4 ай кетеді бір маманға бару үшін.
«Биыл Денсаулық сақтау министрлігі енді бұлай сарсаңға салмаймыз»,— деген еді. Бірақ тек 8 жағдайда бейінді дәрігерге тікелей жазыла аласыз. Олар: ауыр жарақат, онкологиялық ауруға күдік болса, диспансерлік есепте тұрса, стоматолог, акушер-гинеколог және психологқа жолдамасыз баруға болады.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ медициналық қызметті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:
-Пациенттің жағдайын пациент өзі емес, дәрігер бағалайды. Консультативтік-диагностикалық зерттеулердің нәтижелеріне қарай оған қандай маман қажет екенін анықтайды.
«Ал бас ауырып, балтыр сыздағанды терапевт емдейді»,— дейді министрлік өкілі. Ал учаскелік дәрігерге кезекті жою үшін науқастың медициналық картасын толтырып, жолдама беру медбикелерге тапсырылмақ. Жалпы жыл басынан бері медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне емдеу мекемелерінің атына 6 мыңдай арыз түскен.
Дәурен Бөгенбаев, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшысы:
- Заңбұзушылықтар бойынша 37 млн теңгеден астам сомаға 805 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңнен 2 есе артық. Негізінен медициналық қызметті ұйымдастыруды шамамен 44%-ға өрескел бұзылған.
Құзырлы орган өкілдері дәрігерлер дұрыс қарамай, құқығыңыз бұзылса, комитетке хабарласуға болатынын айтады.
Емханаларда жиі кездесетін тағы бір мәселе: оларда көбіне МРТ, КТ секілді зерттеулерге кезек алу қиын. Өзіңіз тіркелген клиника сондай аппаратқа сізді 10 күн ішінде жолдай алмаса, олар сізді басқа мекемеге жіберіп, осы уақыт ішінде қаралуыңызды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – медициналық сақтандыру жарнасын төлеп отырған әр адамның заңды құқығы.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Мұхаметәлі Тілдабаев, Қайрат Ақтөреев