Енді жедел жәрдем түнде келмеуі мүмкін
Енді жедел жәрдемді түнде шақырсаңыз, келмеуі мүмкін. Жедел медициналық көмек станциясына түсетін шақыртулардың бір бөлігін емханалардың мобильді бригадаларына беру мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ тұрғындар өзге өңірді айтпағанның өзінде бас қаламызАстанада жағдай мәз емес, кешке шақырған жедел жәрдем 5-6 сағаттан кейін әрең жетеді деп налиды.
Бұл – қала тұрғыны Сәндігүл. Балалы ана болған соң жедел жәрдемге жиі жүгінеді. Шілде айында кешкі 9-дарда жедел жәрдем қызметін шақыртып, ол таңғы 4-те бірақ келген. Олар ұлымның миы шайқалған болуы мүмкін деп, одан сайын жүрегім аузыма тығылды, - дейді. Айтуынша, екінші рет тіпті өте қиын жағдайға тап болған. Баласы кафельге қатты құлап, жағын сындырып алған. Бөлмені қып-қызыл қан алып кеткен соң, жедел арада жедел жәрдемге жүгінген.
Сәндігүл Әбдіқалықова, қала тұрғыны:
- Шақырған жедел жәрдемді 1 сағаттай күтіп қалдым. Ол аздай, кептелісте тұрдық. Жүргізушіге дабыл белгісін қосуды өтіндім. Ол қосар емес. Содан телефонымды алып жан-жаққа қоңырау шала бастадым. Сол уақытта бірақ дабыл белгісін қосты. Сөйтіп 15 минутта тез-ақ жеттік. Оған дейін 30 минуттай кептелісте уақыт жоғалттық. Баламның жағын тігіп, арнайы бұйым тағып берді. 2 аптадан соң оны алғаннан кейін баламда қорыл пайда болды. Әлі дәрігер жағалап жүрміз. Емханаға тез жетіп, алдын алғанда, мұндай болмас па еді деп ойлаймын.
«103» шақырту орталығына күніне орта есеппен 4000-4500 қоңырау келіп түседі. Бұл қызметті жетілдіру мақсатында шақыртулардың бір бөлігін емханалардың мобильді бригадаларына беру мәселесі қаралып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі дайындаған бұйрық жобасы бойынша енді шұғылдықтың 4-санатына шақыртулар келіп түскен кезде қоңыраулар автоматты түрде емханалар бригадаларына жолданады. Яғни шақыруларды тіркеу жұмыс күндері сағат таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін, сенбі күні сағат 8-ден түскі 12-ге дейін жүргізіледі. Бұл бұйрық жобасынан хабардар тұрғындар енді жедел жәрдемді түнгі уақытта шақырсақ, ол келмей қала ма деген үрейде.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ Амбулаториялық-емханалық көмек және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы:
- Емханалар күндіз ғана жұмыс жасайды. Емханалардың жұмыс уақыты кезінде мобильдік бригадалар мен Жедел жәрдем күндіз атқарылатын болса, кешке қарай барлық шақыртулар жедел жәрдем станцияларымен атқарылады. Яғни халық бұл жерде өзгешелігін сезбейді.
Ал бұл жайтқа халықтың да айтары бар.
Блиц-сауалнама:
- Менің ойымша, ол дұрыс емес. Онсыз да жетіспей жатқан кезде одан бетер уақыт алады. Жедел жәрдем көліктері көбейсе, персонал көбейсе және финансированиені көбейтсе, жақсырақ болар еді.
- Мынандай кептелісте тез келу қиын шығар. Оларды да түсінуге болады. Хабарлассақ, кеп қалады өзімізге.
- Кейінгі кезде нашар боп кетті. Ол не болғаны? Адамды қалай ойлағаны сонда? Денсаулыққа ешнәрсе жетпейді ғой соның басшылары қайда? Соған қарайтын адам қайда? Халықтың жағдайын ойлау керек қой.
- Негізі қатты ауырған кезде тез келеді. Ал былай температурасы бір түсіп, бір шығып жатыр десек, күтіңіз, - дейді. Прям қатты ауырып тұрған адамға бірінші барады деп ойлаймын.
Жедел жәрдем. Жан алқымға тығылғанда, бәріміздің жүгінетіміз осы қызмет. Қызмет сапасы көңіл көншітпейді, әрине. Жедел жәрдем басшылығы бұл орайда біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз, - деп бәйек қақты.
Бота Сәдетхан, жедел жәрдем медициналық станциясы директорының орынбасары:
- Осы қазан айының соңына дейін 12 санитарлық көлік сатып алу жоспарлануда. 35 санитарлық көлік жылдың аяғына дейін келеді.
Ал бұл жердегі мамандар бізге өз базынасын жеткізіп те үлгерді.
Әзілхан Тәткенов, жедел жәрдем станциясының көлік жүргізушісі:
- Техникалар бізде тозды, техникалар жаңарса, жүргізушілердің жалақысы көтерілсе нұр үстіне нұр болар еді. Вызовта тұрғанда сұрап жатады, жұмыстарыңыз қалай, в основном бәрінің сұрайтыны жалақыларыңыз қанша. Жалақыны айтқан соң, а, жарайды, - дейді.
Қаншама жанның өмірін арашалап, шырағының сөнбеуіне сеп болатын бұл қызметтің жауапкершілігі ауыр-ақ. Жедел жәрдемдегілер осыны сезінсе дейсің. Түнеукүні депутат Асхат Аймағамбетов те жедел жәрдемнің жедел жетпейтін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын.
Бота Сәдетхан, жедел жәрдем медициналық станциясы директорының орынбасары:
- Бірнеше себепке байланысты кешігулер болады. Яғни қалыпты жағдайдан кешкі уақыт аралығында 30-50 пайызға дейін шақырту санының көбеюі. Ауруханаға тасымалдағанда бір шапқыртудың өзіне 3 сағатқа дейін уақыт кетеді. Шақыртудың ең көп түсетін уақыты кешкі 5 пен түнгі 12 уақыты, кешкі уақытта өзіңіз білесіз, қалада кептеліс күшейген уақытта.
Құралай Жұмахан, тілші.
- Иә, жедел жәрдемдегілер көліктердің кешігуін кептеліске сілтейді. Ал халықтың айтқаны басқа. Мына көліктер 2 ауысымда үздіксіз қызмет етеді. Дәл қазір қала бойынша 103 бригада бар. Оның 63-і ғана жедел жәрдемге тиесілі. 20 көлікті емхана лардан алса, қалған 20-сын такси қызметінен жалдауға мәжбүр. Осындайда ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген дұрыс па дейсің. Десе де, Жедел жәрдемге де жеделділік керек-ақ.
Құралй Жұмахан, Бауыржан Тұрсынғазыұлы, Қанат Әбілдин, Мейрамбек Қайыргелді