Биыл «Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңнан астам адамға көмек көрсетті
Биыл «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 17 облыстың 140 шалғай елді мекен тұрғындарына тегін медициналық және әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы 104 мыңнан астам адам мамандардан көмек алған. Ол былтырмен салыстырғанда 12 мыңға көп. Сондай-ақ бұл жобаға екінші жыл қатарынан медиатор, заңгер мамандары тартылып, үш мыңға тарта азаматқа қол ұшын созған. Бұдан бөлек, дәрігерлер 7 жарым мың шағын ота жасаған. Жергілікті халық терапевт пен невропатолог мамандарына көбірек жүгінген.
Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті амбулаториялық-емханалық және жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі:
- Шалғай жатқан елді мекендердегі тұрғындар көбінесе еңбек жасындағы емес, егде жастағы адамдар саналғандықтан, бүгінгі оперативтік мәлеметтер бойынша 1350 жағдай қан айналым жүйесі аурулары бойынша анықталған. 105 жағдай қант диабеті және 144 жағдай глаукома ауруы анықталған.