Хабар телеарнасы

Шымкентте бауыр циррозына шалдыққан науқасқа донор қажет

Шымкентте бауыр циррозына шалдыққан науқасқа шұғыл трансплантация жасату үшін донор қажет. Нұржан Батырханов денсаулық сақтау министрлігінен шетелге квота бөлуді сұрап отыр. Айтуынша, дәрігерлер дер кезінде диагноз қоя алмағандықтан, өз бетінше ем іздеп, уақыт оздырып алған.

46 жастағы Нұржан Батырхановтың аурумен арпалысып жүргеніне бес жылдың жүзі болды. Айтуынша, бауыр жеткіліксіздігі дендеп, ағзадағы түйін ұлғайып барады. «Жергілікті дәрігерлер дер кезінде қолдау көрсеткенде, өмір үшін күрес мұншалықты қиын болмас еді»,– дейді ол. Себебі ағзаға мұқтаж жандардың тізіміне соңғы талдау қорытындысымен биыл ғана іліккен.

Нұржан Батырханов, қала тұрғыны: 

- Сол жерде менің бауырымнан 1,5 см түйін табылғаны анықталып отыр. Ендігі мәселе бұл жерде 1,5 см түйін деген кішкентай нәрсе емес. Үлкен түйін. Осы неге Шымкентте кезінде анықталмады? Квота мәселесі жөнінде маған донор табу мәселесі жөнінде жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары негізінде маған неге жұмыс жасалмады?!

Елде ағза ауыстыру операцияларын жасауға донор тапшылығы қолбайлау. Сондықтан Нұржан Батырхановқа туыстық трансплантация тәсілі ұсынылғанда ұлы келісім берген. Бірақ әке мен бала ағасына жасалған медициналық тексерістен кейін, операцияға тыйым салынды.

Нұржан Батырханов, қала тұрғыны: 

- Дәрігерлер ол түйін үлкейген сайын ертең трансплантацияға жарамай қалады дейді. Белоруссия республикасына ма, басқа шетел мемлекетіне ма маған бауырымды шұғыл транспланттауға 2024 жылға квота бөлуді сұрап отырмын.

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза ауыстыру операцияларына мұқтаж. Биыл отандық дәрігерлер тізімдегі ондаған науқасқа мәйіттік донордың ағасын трансплантациялаған. «Ал донор жетіспеушілігі елде ғана емес әлемдегі өзекті мәселінің бір»,– дейді мамандар. Сондықтан республикалық үйлестіру орталығының өкілдері шетелге квота берілмейтінін айтты.

Назгүл Жылгелдина, республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Бұл системада ол кісі 30 қазанда осы 2024 жылдан бері тұр. Егер де мәйіттік донор болса, онымен қан тобы мен тін сәйкес келсе онда біздің Қазақстанда оған трансплантация жасалынады. Егер оны күтпеймін десе туыстық донорлық бар.

Ғылым, медицина өркен жайған заманда операцияның небір түрі жасалып, ертеңінен күдер үзіп, ауыр халде жатқан науқастар аяққа тұрған жағдайлар жиі кездеседі. Алайда елімізде мәйіттік донор туралы түсінік толық қалыптаспаған. Қайтыс болған адамның органы туыстарының рұқсатынсыз берілмейді. «Бұл мәселені шешу үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет»,– дейді мамандар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов