Хабар телеарнасы

МӘМС-тің мәселесі бітер емес

5 жылдан асса да, саланың сан түрлі мәселесі бітер емес. Дәрігер жетіспеушілігі, тегін дәрі-дәрмектің тапшылығы, кейбір диагностикалық аппараттардың жоқтығы, қала берді жүйе жайлы ақпараттың аздығы халықтың МӘМС-ке деген сенімін арттыра алмай отыр. Ал жауаптылар не дейді?

Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – дәрігерлердің жетіспеушілігі. Сақтандыру жарнасын тұрақты төлеп отырған халық, кей маманның қабылдауына бірнеше айдан кейін әрең жетеді. Бұл проблеманы министрлік түгілі, Үкіметтің өзі әлі күнге дейін шеше алмай отыр. Ал МӘМС қорына ақша аудармаған адамның күйі тіпті, қиын. Ауруханаға тек шұғыл жағдайда түспесе, басы ауырып, балтыры сыздағанда қарапайым учаскелік терапевт те қарамайды.

Талғат Омаров, тәуелсіз сарапшы:

-3,5 млн халық бұл системаға енбеген. Олар самозанятый дейді, басқасы бар. Бұл да үлкен, күрделі мәселе. Оны қалай шешеді? Мен ойлаймын, ақыры біз Конституциямызда жаздық па, халық денсаулық сақтау жүйесіне қақысы бар. Ендеше жаңағыдай бюрократиядан «сенің сақтандыруың бар, жоқ» деген мәселе туындамау керек.

Бірақ сол сақтандырылмаған азаматтардың барлығы бірдей жарна құюға құлықсыз емес шығар? Бәлкім арасында жөн-жобасын білмей жүргендер бар болар? Сарапшылардың сөзінше, сақтандыру жүйесінің жарнамасы аз. Нақтырақ айтсақ, кімнің қанша төлеу керектігін, төлемесе не болатынын тәтпіштеп жиі-жиі түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, бір ғана мысал: жүйеде «сақтандырылған» деген мәртебені алу үшін адам кемінде 1 жыл бойы үздіксіз жарна құйып отыруы тиіс. Мұны да екінің бірі біле бермейді.

Ғалымжан Әбілов, медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары:

-Негізінде заңнама бойынша біздің жүйеде сақтандыру мәртебесіне ие болу үшін 12 айлық төлемдер болу керек. Ал егер де бір-екі айдың ішінде төлемдер болмаса, сол кезде өз есебінен өзі үшін төлеп, қайтадан «сақтандырылған» мәртебесін алуға мүмкіншілік бар.

Ай сайынғы ерікті жарнаның ең төменгі сомасы биыл 4250 теңге. Бұл елдегі ең төменгі жалақының 5 проценті. Бұны да білмейтіндер көп. Ал «2026 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем біріктіріледі» деген жоспар бар. Бірақ оның да нақты қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков