Президент жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында медицина саласындағы өзгеріске де тоқталған еді. Мемлекет басшысы ауыл-аймақтағы ағайынды алаңдатқан аудандық ауруханалардың жайын қозғады. Олардың біразы ескі. Ал жөндеу жұмыстары сылбыр. Кейбірі бір емес бірнеше ауданға қызмет көрсететін ауданаралық аурухана. Емдеу мекемелерін жаңарту неге баяу жүріп жатыр?
Бұл – Астананың іргесіндегі Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданының ауруханасы. Ғимараты сонау 1976 жылы салынған. Әбден көнерген нысанды 2023 жылдың соңында жөндей бастапты.
Бірақ тура бір жылдың ішінде толық аяқталуы тиіс болған жөндеу жұмыстары қазір саябырсыған. Кейбір істер тіпті, аяқсыз қалған. Себебі, биылға қаржы бөлінбепті. Ал жобаның жалпы құны 900 млн теңге.
Нұрлан Шағыров, Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері:
-Енді бүгінгі қалған сол 300 миллион көлеміндегі қаражат аяқтауға керек болып тұр. Жалпы стационарда екінші, үшінші қабат және вентиляцияны бітіруге сәл ғана жұмыстар қалды. Соған біз өзіміздің ойымыз, биыл сол қаражат бөлініп, жұмысымызды толық аяқтасақ, сонда бізде 2 жылдың ішінде барлығы толық орындалды деп айтуға болады.
Мердігер де ақшаның түсуін күтіп жүр. «Құрылысшылардың нысанды жол ортадан тастап кетпей, шамалары келгенше жұмысты жалғастырып жатқаны қуантады»,– дейді. Дегенмен жағымды жаңалық та жоқ емес. Бас дәрігердің сөзінше, өткен жылы ауылдағы мединицалық нысандардың көбі жаңартылған.
Нұрлан Шағыров, Шортанды аудандық ауруханасының бас дәрігері:
-2024 жыл бізге өте жақсы жыл болды. Күлшін ауылына, Төңкеріс ауылына жаңағы фабтар салынды. Новокубанка деген ауыл бар, сол жерде жаңадан дәрігерлік амбулатория салынды. Өте заманауи. Бұрынғы ескі ғимараттан жаңаға көшкенде, құр өздері ғана, үстіндегі ақ халатарымен болды. Ештеңе ескі жақтан алынған жоқ, барлығы жаңадан жабдықталған.
Аудандық ауруханаларға қайта оралсақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ведомствоның ұлттық жобасына қазір ел бойынша жөндеуді талап ететін 32 аурухана енгізіліпті. Аудандық ауруханалардың жалпы саны 170-тен асады. Соңғы 10 жылдың ішінде 70 шақты емдеу нысаны күрделі жөндеуден өткен.
Алтынай Алтенова, ҚР ДСМ департаментінің басқарма басшысы:
-Бұл пилоттық ұлттық жобадан бөлек, мысалы сол өңірдің қажеттілігіне орай тек қана осы бағдарлама аясында емес, облыс әкімі өздері де жергілікті бюджеттен қаржыландырып, жүзеге асырылады. Немесе республикалық бюджеттерден қаржыланатын объектілер болса, сол арқылы да жүзеге асырылып жатқан жобалар бар. Мысалы, дәл қазір Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында жаңа аурухана ғимараты салынып жатыр. Ол жаңағы аталған ұлттық жобаға қатысы жоқ.
Мемлекет басшысы тозығы жеткен аудандық ауруханаларды келесі жылдың аяғына дейін толық жөндеуді тапсырды. Министрлік те «осы уақыт ішінде үлгеруге тырысамыз» дейді. Ал нәтижесін уақыт көрсетер.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбек Ақшолақов, Мейрамбек Қайыргелді