Хабар телеарнасы

Өскеменде АЭС-тің артықшылығы талқыланды

Өскеменде ғалымдардың қатысуымен атом электр станциясын салу мүмкіндіктері талқыланды. Еліміздегі тәжірибелік реакторларға қызмет көрсететін мамандар болжанып отырған энергетикалық дағдарыс қазірден сезіле бастағанын айтып жүр. Оған әсер ететін негізгі факторлар – экономикалық өсім мен технологияның қарқынды дамуы. Ал қуат тапшылығының алдын алудың тиімді жолы ретінде АЭС салу ұсынылады.

Ғылыми консилиум форматында өткен кездесуде экология мәселесі де қозғалды. 10 жылдан астам уақыт Ұлттық ядролық орталықта жұмыс істеген Тоғжан Тоқтағанов: «Егер Қазақстанда атом электр станциясы салынса, озық технология қолданылады», - дейді.

Тоғжан Тоқтағанов, ШҚТУ ғылыми қызметкері:

- Проценттік қарым-қатынаспен алып келетін болсақ, барлық атом электр стансалары реакторларынан 2% ғана апаттар болады. Ол 2% жақсы сабақ болды және де қауіпсіздік шараларын жоғарылатуға жақсы көмектесті. Егер де Қазақстанда АЭС салынса, осы халықаралық нормалар мен стандарттарды қолданып салынғанда, онда Қазақстанда электр энергияның тапшылығы болмайды.