Хабар телеарнасы

Каспий жағасында «Таза Қазақстан» акциясы аясында экофестиваль өтті

Оған Ақтау тұрғындары белсене қатысты. Ұйымдастырушылар жағажайға түрлі-түсті шатырлар орнатқан. Бұл жерде қайта өңделетін қалдықтарды қажетке жаратуға баулитын шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Тұрғындар экожәрмеңкеде ағаштан және түйе жүнінен әзірленген бұйымдарды қызықтап, Маңғыстау флорасы мен фаунасы бейнеленген фотокөрмені тамашалады. Мәдени-көпшілік шарада балалар да назардан тыс қалмады. Бүлдіршіндер қағаз қалдығынан жасалған батпырауықтар ұшырып, кенеп матаға майлы бояумен табиғаттың сұлу көрінісін салды. Фестиваль кезінде келушілер назарына ұсынылған полиэтиленнен тігілген сән үлгілері топтамасы көпшіліктің көңілінен шықты.

Кирилл Осин, үкіметтік емес ұйым директоры:

- Экофестиваль осымен екінші рет Каспий жағасында өткізіліп жатыр. Алғашқы шара былтыр қыс мезгілінде ұйымдастырылды. Мақсатымыз Маңғыстау тұрғындарын тазалыққа шақыру. Қайта өңделетін пластмасс және макулатура жинау үшін жағажайға арнайы қораптарды қойдық. Яғни көрермен тек бағдарламаны тамашалап қоймай, қоқыстарды теріп, сол қораптарға салып кетті.