Қазақстан «жасыл» энергетика саласын дамыта береді
Бұл үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы көмек көрсетуге әзір. Ұйым елімізден өзге Азияның тағы үш дамушы мемлекеттері – Малайзия, Пәкістан және Түркияға арналған жоба әзірлеген. Онда негізінен тиімді саяси стратегиялар қалыптастыру туралы айтылған. Сондай-ақ «жасыл» энергия көздеріне өту кезінде әр елдің тұрақты дамуына кедергі келтірмеу мәселесі басты орынға қойылған.
Сарапшылардың айтуынша, баламалы қуат көздеріне көшу енді негізгі міндетке айналады. Атап айтқанда көмір отынын тұтынуды азайту, мұнайдың зиянды шығындыларын төмендету де басты назарда болады. Бүгінде Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін кеңінен қолданып келеді. 2035 жылға қарай оның өндіретін қуат мөлшері еселеп артуы тиіс. Ал еліміздің АЭС салу бойынша бастамасын халықаралық ұйымдар жоғары бағалаған.
Қуаныш Бейзенғазин, климаттың өзгеруі және «жасыл» энергетика жөніндегі Орталық Азияға арналған жобалық кеңсенің басшысы:
- Ең бастысы – бұл көмірсутекті отыннан ақырындап басқа «жасыл» энергия көздеріне өту. Сол себепті бұған дамыған мемлекеттердің өздерінің мүмкіншіліктері бар, бірақ та дамушы Қазақстан қатарында, дамушы мемлекеттерге бір жағынан техникалық экспертиза немесе қаражаттық көмек керек. Бұл шараның қорытындысы ретінде әрине, мемлекеттік органдарға, Энергетика министрлігіне, Экология министрлігіне және Транспорт және құрылыс министрлігіне түпкілікті рекомендациялар беріледі.