Хабар телеарнасы

Қазақстан-Өзбекстан: экология саласындағы ынтымақтастық артады

Қазақстан мен Өзбекстан қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын жетілдіріп жатыр. Cенат екі елдің экология саласындағы ынтымақтастығы туралы заңды мақұлдады. Көзделіп отырғаны - ауа мен судың ластануына жол бермеу, биологиялық әралуандықты сақтау, қауіпті қалдық мәселелерін реттеу, экожүйені тоқыраудан қорғау және тағы басқалары. Бұл бағытта бірлескен іс-шаралар әзірлеп, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынады. Алдағы уақытта трансшекаралық аумақтағы төтенше жағдайлар бойынша да өзара іс-қимылдар қабылданады.

Сенат Спикері қаралған келісім бауырлас екі елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Келісім аясында ауа мен судың ластануының алдын алу, қатты тұрмыстық және қауіпті қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бағыттары бойынша тараптардың бірлескен іс-қимылдары қарастырылған. Жалпы мақұлданған заң екі мемлекет арасындағы одақтастық қанытастарды одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз.