«Таза Қазақстан»: «Жасыл ел» жастары белсенді
«Жасыл ел» студенттердің еңбек жасағы сәуір айынан бергі тазалық акциясына белсенді қатысты. Олар енді «Жасыл әлем» жобасын қолға алды. Жастар республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберінде экология және туризм орталығына барды. Мұндағы музейде Ертіс өңірінің фаунасы мен флорасынан мағлұмат беретін көптеген жәдігер сақталған. Ал жылыжайда тропикалық жемістер мен өсімдіктер өсірілген. Анар, лимон, авокадо, киви, кофе ағашы мен жапон фортунелласы сынды жеміс түрлері бар.
Арина Краскова, «Жасыл ел» еңбек жасағы қалалық штабының командирі:
- «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында біз көптеген іс-шара атқардық. Ол тек тазалыққа ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Бүгін біз студенттерді экология және туризм орталығына экскурсияға алып келдік. Мақсатымыз – «Жасыл әлем» жобасы арқылы олардың бойына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын сіңіру. Табиғат үшін әрбір жапырақтың құнды екенін түсіндіру.