Хабар телеарнасы

Қарағанды әлемдегі ауасы лас 50 қаланың қатарына енген

Қарағанды – әлемдегі ауасы лас 50 қаланың бірі. Кеншілер шаһары өндіріс ошақтары мен жеке үйлердің қою қара түтініне тұншығып отыр. Тұрғындар тіпті терезе ашудан қалған. Күрделі метеорологиялық жағдайды сейілтудің бір жолы – көгілдір отынға көшу және көмір сапасын қадағалау, - дейді мамандар.

Таңертең және кешке қаланы қою түтін тұмшалап қалады. Бұл уақытта көшеде жүру өте қиын. Себебі қолқаны қабатын иістен жұтқыншағың ашып, жөтел пайда болады. Қыс мезгілінде тіптен қиын.

Блиц-сауалнама:

- Таңғы 5:30-да шыққанда демала алмайсың. Көміртек тотығы болады. Мына пештің түтіні масқара болады.

- Мен негізі Шымкенттің қызымын. Мына жаққа енді үйреніп жатырмыз, түтіннің исіне. Қар таза емес, түтіннен қап-қара болып кетеді.

- Бүкіл аурудың барлығы осыдан. Мына жер үйлерде пеш жағып жатыр. Терезені ашпаймыз ғой біз. Жауып тастаймыз ғой. Газды тартуды көбейту керек.

Таяуда экологтар Қарағандының әр жерінен сынама алып, ауа өте лас екенін анықтаған. Әсіресе азот диоксиді мен көміртек тотығының тиісті мөлшерден бірнеше есе көп екені белгілі болды.

Римма Рахымбекова, облыстық Экология департаментінің бас маманы:  

- Қаланың Майқұдық, Михайлов, Пришахтинск аудандарында ауадағы зиянды заттар мөлшері тым көбейген. Бұл аумақтарда пеш жағатын жекеменшік үйлер көп. Оған өндіріс орындары мен көліктердің түтінін қосыңыз. Негізінен ауаны басты ластап жатқан үйлердің мұржасынан шыққан көк түтін. Оларға шара қолдана алмаймыз.

Халықаралық IQAir зерттеу сайтының берген мәліметі бойынша Қарағандыдағы ауаның ластануы Үндістан мен Пәкістан қалаларымен шамалас тұр. Ауадағы зиянды заттар мөлшері  Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормадан 14 есе жоғары. Қазіргі таңда Қарағанды әлемдегі ең ауасы лас 50 шаһардың арасында 44-ші орында тұр.

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Қазір әр өңірдің экологиясын жақсартуға ауқымды қаржы бөлінеді. Неге соны жекеменшік үйлерді газбен қамтамасыз етуге немесе арнайы зиянды қалдықтарды сүзетін жабдығы бар пештер қоюға жұмсамасқа? Болмаса, тоқпен жұмыс істейтінін орнатсын, орталық жылу жүйесіне қоссын. Жағып отырған көмірдің сапасын да қадағалау керек.

Иә, мұржалардан будақтаған түтіннен құтылудың жалғыз жолы – көгілдір отынға көшу. Қазіргі уақытта қалаға 300 шақырым газ құбыры тартылған. 3,5 мың отбасы табиғи отынның игілігін көріп отыр. Таяуда тағы 7 мыңға жуық баспана газбен қамтылады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков