Форумға мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер, заңгерлер мен сарапшылар қатысты. Басқосуда шағын және орта кәсіпкерлерге қатысты өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар салық жүйесін жеңілдету, цифрландыруды дамыту және қосымша құн салығын әкімшілендіруді жетілдіру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Саладағы жаңа өзгеріс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
Астанада өткен ауқымды салық форумына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 1100 адам жиналды. Тағы екі мыңнан астам адам онлайн қатысты. Форумда кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізді. Бухгалтерлер, заңгерлер мен консалтингтік компаниялардың басшылары өз идеяларын ұсынып, кәсіби жауаптар алды. Спикерлер қатарында салық және есеп саласындағы жетекші сарапшылар болды, ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кәсіпкерлердің сұрақтарына белсенді жауап берді.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Біз принципті өзгерттік. Бұрын рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімі жасалатын болса, енді тыйым салынатын тізім қалыптастырылады. Мұнда шартты түрде алғанда қызмет түрлері көп болмайды. Бұл тізімнен тыс барлық қызмет арнайы салық режимінде жұмыс істей алады. Яғни жылдық айналымы 2,4 млрд теңгеге дейінгі субъектілер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Салық мөлшерлемесі 4%, ал кей жағдайларда 2%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл жеке тұлғаларға қызмет көрсететіндердің барлығына қатысты.
Сарапшылардың пікірінше, Салық реформасы қажет. Бұл ең алдымен бюджет тапшылығына байланысты. Алайда Жаңа Салық кодексі жобасының талқылайтын тұстары да бар.
Айжан Балакешова, салық сарапшысы:
-Салық төлеу біздің құқымыз емес, бұл біздің міндетіміз. Біздің елде қосымша құн салығының мөлшері 16 жыл бойы өзгермеген. Сондықтан оның 16% болатыны күтпеген жағдай емес. Бастысы биліктен мүмкіндігінше байыппен енгізуді сұраймыз, өйткені өзгерістер бірден және көп енгізілуде.
Форумға қатысушылар банк операциялары мен медициналық қызметтерге қосымша құн салығын енгізу, банктер үшін корпоративтік табыс салығын көтеру мәселелерін қайта қарау қажеттігін айтты. Себебі бұл бағалардың өсуіне әкелуі мүмкін.
Айгерім Ақниет, заңгер:
-Ешбір мемлекетте қосымша құн салығы банктық, қаржылық компанияларға ұсынылмайды. Тек Қазақстанда соны көрсетейін деп жатыр. Корпоративті табыс салығын 20 пайыздан 25 пайызға дейін ұлғайтайын деп жатыр. Ол тікелей біздің тұтынушы азаматтарға әсер ететін болады.
Форумды салық сарапшысы Екатерина Ким ұйымдастырды. Бұған дейін, 23 сәуірде, Алматыда форумның алғашқы бөлігі өткен болатын. Оған офлайн 1000 адам, онлайн 2500 адам қатысты. Ал 2024 жылдың маусым айында өткен форумға 3500 адам - кәсіпкерлер, сарапшылар, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысқан.
Екатерина Ким, салық кеңесшісі, «Налоги Казахстана» қауымдастығының төрайымы:
- Қазақстан бизнесі қандай салық реформасы болатынын, қандай шешім қабылданатынын күтуде. Сондықтан Парламентте қызу талқылаулар жүріп жатыр. Қазір өте маңызды және өткір мәселе – банктерге қатысты салықты көтеруі. Бірден және толық көлемде енгізілмекші. Бұл өте қауіпті, себебі бұл түпкілікті тұтынушыға тікелей әсер етеді.
Салық реформасына қатысты пікірлер әртүрлі болғанымен, бір нәрсе анық – форум барлық тарап өз ұстанымын ашық білдіретін алаңға айналды. Айта кетейік, Жаңа Салық кодексі бүгін, 30 сәуірде, Мәжілістегі екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Егер Сенат депутаттары мақұлдаса, Президенттің қол қоюына ұсынылады. Жаңа нормалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.
Диана Қадыр, Айбын Қусанбеков