Еуропада Alatau City жобасының таныстырылымы өтті. Келісімдердің инвестициялық әлеуеті $2 млрд-тан асты. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация роуд-шоуды қалай аяқтады? Қандай құжаттарға қол қойылды?
Роуд-шоудың іскерлік бағдарламасы Лондон мен Берлинді қамтып, қорытынды кезеңі Майндағы Франкфурт қаласында өтті. Онда Alatau City-дің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шаһардың инфрақұрылымын, өнеркәсібін және технологиялық жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуымызды аяқтадық. Нәтижесінде жалпы инвестициялық әлеуеті 390 миллион АҚШ долларын құрайтын жеті келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, инженерлік-сервистік инфрақұрылымды құру, Алатау қаласында медициналық бұйымдар өндірісін ұйымдастыру, активтерді токенизациялау тетіктерін енгізу және инвестициялық консалтингті дамыту мәселелері пысықталды.
Банктер, инвестициялық ұйымдар мен халықаралық компаниялардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстелінде инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ұзақ мерзімді капитал тарту және Германияның қаржы құралдарын пайдалану жолдары қаузалды. Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық басымдықтарымен бірге Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды.
– Сондай-ақ Alatau City Bank пен Deutsche Bank (Дойч банк), KfW (Кейэфдаблю) секілді неміс ұйымдары арасында маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бұдан бөлек, аталған банктермен бірлесіп, Alatau қаласындағы жобаларды қаржыландыру бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық келісім жасалды.
Роуд-шоу қорытындысы бойынша инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 30 шақты құжатқа қол қойылды.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов