Хабар телеарнасы

Қызылордада қауын чипсыларын өндіру жобасы қолдау тапты

Ерекше бастаманы ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы, Самалбек Қосанов қолға алған. Ол бұл идея бүгінде өзекті болып тұрған жастардың дұрыс тамақтану мәселелеріне байланысты туындағанын айтады. Жеңсік ас жергілікті қауын сорттарынан дайындалады.

«Табиғи таза өнім құрамында қауында бар барлық дәрумендер сақталады», – дейді жоба авторы. Әзірге тәжірибелік жұмыстар университет базасындағы зертханада жүріп жатыр. Жобаға мемлекеттік қолдаулар аясында қайтарымсыз грант бөлінген. Енді бөлінген қаржыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады.

Самалбек Қосанов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

-Дүние жүзінде әсіресе мына Еуропа мемлекеттерінде консервіленген заттардан гөрі осы кептірілген заттарға деген сұраныс жылдан жылға артып келе жатыр. Осы жобаны біз қазір бастап жатырмыз. Біз бұны әрі қарай дамытып, үлкен ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспорттау жоспарымызда бар.