Бүгін жазушы, публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың 80 жасқа толуына орай шығармашылық кеш өтті. Қаламгерге құрмет көрсетіліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы табыс етілді. Жазушы еңбек жолын қазақ радиосында бастап, журналистика саласында ұзақ жыл еңбек етті. Ақмола облысындағы бірнеше басылымда қызмет атқарды. «ҚараӨткел» газетін және Жазушылар одағының Астана бөлімшесін де басқарды. Бірнеше кітаптың авторы. Шығармаларында адам мен қоғам, өмір мен өлім жайлы философиялық ой толғайды. Көпшілік қаламгердің ел, жер, тіл тағдыры үшін күрескен кезеңдерін де жақсы біледі. Бүгінгі кеш барысында жазушының туындылары да оқылды.
Алдан Смайыл, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Бір жағы шығармашылықпен 80 жылым, бір жағы күрескерлікпен өтті. Былай қарасам, лайықты дұрыс өмір сүрген сияқтымын. Егер сен шынымен жазушы болатын болсаң, егер сен ұлттың мүддесін, мұратын ойлайтын болсаң, сен күреспей тұрмайсың. Ал енді жүрегінде ұлты бар адам соған күреспесе, өзін азамат ретінде сезінбейді.