Нарықтағы тұрақсыздық: азық-түлік бағасы шарықтап барады
Бұл – Мемлекет басшысының Үкімет отырысында айтқан сөзі. Яғни құр есеппен емес, нақты іспен ел экономикасын қалпына келтіруді тапсырды. Қазына қаражатын шашпай, есеп-қисапқа мұқият болуды да қатаң ескертті. Экономика демекші, құбылған бүгінгі уақытта нарықты тұрақсыздық жайлады. Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы өсіп, күннен күнге шарықтап барады. Мәселен, қазақстандықтар карантин кезінде 5 теңгесінің 2 теңгесін тағам сатып алуға жұмсаған екен.
Азамат Әбілқайыр, тілші:
- Қазақстан шетелдік азық-түлік тауарларына әлі де тәуелді. Ал шетелден әкелінген тауар валютаға алынады. Сондықтан тауар құны сырттан ішкі нарыққа кіргенде қымбаттайды. Бұл кемшілікті ретке келтірудің бір жолы – отандық тауар өндірушілердің санын көбейту. Оған Мемлекет басшысының жоғарыда айтқан кәсіпкерлерді қолдауы жөніндегі сөзі дәлел бола алады. Мәселен, пандемия тұсында жұмыссыздық бүйірден қысқанда күнделікті ішіп-жемнің шарықтауы да жығылғанға жұдырық болды. Карантин кезінде ел азаматтары қалтасындағы 5 теңгенің әр 2 теңгесін тамаққа жұмсаған. Бұл тұста ірі сауда орындары жабылды. Ал шағын дүкендер жұмысын тоқтатқан жоқ. Міне, осы тұста азық-түлік бағасын ауыздықтау оңай болмады. Айтпақшы, соңғы бес жылда кейбір азық-түліктің бағасы қатты қымбаттаған.
Бұл қатарда жылқы және сиыр еті бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде күнбағыс майы мен тауық еті қатты қымбаттаған. Күнбағыс майының 1 литрі 2015 жылы 291 теңге болса, осы жылы қаңтарда орташа есеппен 595,6 теңгеге сатылып жатыр. Бұл 600 теңге. Сонда майдың бағасы бес жылда 104,6% өскен. Енді тауық етіне тоқталайық. 1 кг қанаттының сан еті 2015 жылы 628 теңге болған. Ал биыл қаңтарда орташа есеппен 1100 – 1200 теңге шамасында сатылып жатыр. Бұл – тек соңғы бес жылда қымбаттаған азық-түлік.
2020 жылдың соңы нарықта жұмыртқаның қымбаттауымен есте қалды. Бұған солтүстік өңірлердегі құс тұмауынан үй құсының қырылуы себеп. Мәселен, Павлодар аймағында тауық жұмыртқасының он данасы 510 – 525 теңге. Күріш 320 – 360 теңге болса, ұнның келісі 120 теңге. Ал картоп 90 – 100 теңге шамасында. Көрші Петропавлда жұмыртқа бағасы 450 – 500 тг, күріш 450 – 650 тг, картоп 150 – 170 теңге. Күнбатыс өлкенің мегаполисі саналатын Ақтөбеде азық-түлік бағасы қос өңірден арзан дей алмаймыз. Мұнда күріш 226 теңге, жұмыртқа 400 – 440 теңге. Ал картоптың келісі 160 теңгеден сатылады. Батыс Қазақстанда жылқы еті қымбат, 1 келісі 1300 теңге.