Kaspi.kz инвестициялық тартымдылықты арттырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші америкалық және халықаралық инвестициялық компания өкілдерімен кездесу барысында осылай деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесуі. Мемлекет басшысы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылған. Осылайша, ел экономикасы Орталық Азиядағы ең ірі әрі посткеңестік кеңістікте қарқынды дамыған экономикаға айналды. Мемлекет басшысы елімізде бағалы қағаздар нарығын дамытып, портфельді инвесторларды елге тартуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. Осы ретте Kaspi.kz компаниясының IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттыруға үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда құқықтық әрі материалдық тұрғыда дамыған инфрақұрылым бар. Қаржы технологиялары саласындағы өңірлік көшбасшысы Kaspi.kz компаниясының IPO-сы капитал нарығының динамикасын арттыруға мүмкіндік берді.
Бір сөзбен айтқанда, Kaspi.kz инвестициялық тартымдылықты арттырды.
Даг Снайдер, Luxor capital инвестициялық компаниясының президенті /АҚШ/:
- Біз тек жекелеген нарықтарға ғана емес, жетекші корпорациялар мен салаларға көңіл бөлеміз. Біз Kaspi.kz-ке инвестиция салғанымызға өте қуаныштымыз. Біз мемлекетті, нарықты одан әрі зерттеуге әзірміз. Болашақта керемет серіктестік болады деп үміттенемін.
Инвесторлардың сөзінше, Қазақстан тек шикізатқа бай мемлекет қана емес, технологиялық қуатты ел ретінде әлемге танылды.
Адам Монтанаро, ABERDEEN ASSET MANAGEMENT компаниясының директоры:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, Қазақстанның орасан зор әлеуетін талқылау – мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан – экономиканы цифрландыруға үлес қосып, инвесторлар мен елге ерекше құндылық әкелген әлемдегі ең мықты «супер қосымшалардың» бірі Kaspi.kz-тің отаны.
Инвесторлар Kaspi.kz тек елімізге ғана емес, көптеген мемлекеттерге де үлгі боларлық компанияға айналып отырғанын атап өтті. Алдағы уақытта да тек дами беретініне үміт артты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Авторы: Меруерт Жақан