Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді
Оған әлемдегі геосаяси жағдай, азық-түліктің қымбаттауы сияқты факторлар түрткі болды. Ішкі экономикаға келсек, инфляцияның жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтық, сондай-ақ импорттың артуы да өз әсерін тигізген.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- 2022 жылдың қараша айында инфляция жылдық мәнде 19,6% жетті. 24,1% дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосып жатыр. Ал базалық инфляцияның жоғары деңгейде қалыптасуы жалғасыпе жатыр.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өсіру циклін аяқтап қалды. Бүгінгідей қабылданған шаралар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте несие саясатында да өсім байқалады. Қазан айында жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге 21,5 трлн теңге кредит берілген. Жыл басындағы көрсеткіштен бұл 16,1% көп.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Маусым айынан бастап теңгедегі депозиттердің артуы байқалады. Депозиттердің жалпы көлемі тарихи максимум – 30 трлн теңгеге жетті. Депозиттердің долларлануы биылғы ең жоғары деңгей – ақпандағы 38,4% қазан айының соңында 35,3% дейін төмендеді.
Жаһандық экономиканың өсімі баяу. Халықаралық валюта қорының соңғы болжамына сәйкес, биыл ол 3,2% жетеді. Келесі жылы өсу қарқыны тіпті 2,7% аспайды. Яғни әлемнің көптеген елдерінде инфляция күшейеді деген сөз. Оның Қазақстан экономикасына ықпалы қандай болады? Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімін 2023 жылғы 13 қаңтарда жариялауды жоспарлап отыр.
Авторлары:Достық Талғатұлы, Аманжол Байғазин