Бақытжан Базарбек офшор аймақтардағы қаражат мәселесін көтерді
Мәжіліс қабырғасында көтерілген тағы бір мәселе – қыр асқан қаржы. Депутат Бақытжан Базарбек Үкімет төрағасының орынбасарынан офшор аймақтарға ағылған 45 млрд доллар қайда деп сұрады.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір офшорлық аймақтарда 45 млрд жуық елдің, халықтың ақшасы жатыр. Ал Tax Justice ұйымның ақпаратына қарағанда, жыл сайын Қазақстаннан 200 млн доллар капитал шығарылады. Үкімет осы 45 млрд жуық офшорлардағы ақшаны қайтаруда қандай шара қолданып жатыр? Кейбір әлемде офшорлық аймақтар бар, яғни Кайман немесе Сейшел аралдарын атап өтуге болады. Мен база бойынша қарадым, олармен келісімшарт жасалмаған. Солармен келісімшарт қашан дайындалады? Қашан күтеміз, осы ақша қашан қайтарылады?
Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев бұл мәселе бойынша депутаттың өзімен бірлесе жұмыс істеуге әзір екендігін мәлімдеді.
Айтуынша, сырттағы ақшалардың әуелі иелері анықталуы тиіс, сосын заңды, не заңсыздығы анықталып барып келіссөздер жасалуы шарт. Ал Мәжіліс осы шетке шығатын капиталдар ағынына тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Трансферттік баға белгілеуді бақылау туралы құжаттың негізі мәні сол қазақстаннан сыртқа шығарылатын өнімдерді делдалдар төмен бағамен алып, шетелге қымбатқа өткізеді. Тиісінше қазына біраз салықтық түсімдерден қағылып отыр.
Егер аталған заң қабылданса, бюджетке 50-100 млрд теңгеге дейін қосымша кіріс келуі мүмкін деген болжам бар.
Ерулан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Қаржы министрі:
- Бұндай делдалдар шетелде құрылады. Яғни бізден шығарылған, әсіресе шикізаттық товарларды төмендетілген бағамен шығарып, сыртта жоғарылатылған бағамен сатып, ортасындағы табысты өздері қалтасына салып отырған. Өзіміздің Қазақстанда жұмыс істеп отырған компаниялар сыртқы трейдерлермен трансферттік баға белгілеу кезінде айырмашылықтар болған. Оған әрине, бұрынғы заң, қазіргі қолданыстағы заң мүмкіндік беріп отырған. Енді жаңадан заң қабылданғаннан кейін осы заң аясында қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз.