Қазақстанда ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылады
Елдегі инвестициялық ахуалды жақсарта түсу үшін ұлттық цифрлық платформа әзірленді. Жаңа ақпараттық жүйе Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында таныстырылды.
Платформа бұл саладағы бірқатар процесті жеңілдетіп қана қоймай, олардың ашықтығын қамтамасыз етпек. Әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұрған платформа инвестицияларды тарту ісіне жауапты барлық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді және квазимемлекеттік мекемелердің басын біріктіріп, орталықтандырады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр платформаны тезірек іске қосып, оған инвестициялық жобалар бойынша барлық деректі енгізуді тапсырды. Бұған дейін «fDi Intelligence» аналитикалық агенттігі инвестицияны көп тартқан топ 10 елді жариялаған, ол тізімде Қазақстан алтыншы орында тұр, былтыр елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі - 28 млрд долларға жеткен, бұл – соңғы онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш.
Назира Нұрбаева, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Платформаның басты міндеті – инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы үш негізгі бағыт бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Ол біріншіден – инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін онлайн мониторингі, екіншіден – мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің инвестицияларға өтінім беруді автоматтандыру, үшіншіден – инвесторлар тарапынан инвестициялық жобаларды іске асыруға өтінім беруді автоматтандыру.