Шетелден алдыратын онлайн тапсырыстарға баж салығы салынбақ
Шетелден онлайн тауар алдыратын болсаңыз, кедендік баж салығын төлеуге дайын болыңыз. Себебі келетін тауардың салмағы 31 келіден, ал құны 200 еуродан аспау керек. Егер айтылған нормаға сай келмесе, тауар құнының 30% төлеу міндеттеледі. Бұл өзгеріс Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес енгізілген.
Одан бөлек, заңда азамат өзге мемлекеттен 2 смартфон немесе 2 планшет, 5 зергерлік бұйым, 1 бала арбасын ғана алып кіре алады деп көрсетілген. Егер елге одан артық тауар әкелсе, E-Salyq арқылы кедендік жолаушылар декларациясын тапсыру міндеттеледі. Тауар құнының 15% мен әр келісіне 4 еуродан төлеуге де дайын болу керек.
Қуат Қалдашев, ҚР ҚМ Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы:
- Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғаның өту және оның тауарларды өткізу жиілігі айына бір реттен аспауға тиіс. Кез келген тәселімен әкелінетін жеке пайдалануға әкелінген көлік құралдары, егер олардың саны жылына бір бірліктен асса, онда кәсіпкерлік мақсатында деп қарастырылады.