Хабар телеарнасы

Қазақстан Орталық Азия елдерімен сауда-саттықты екі есе ұлғайтуды көздейді

Ол үшін осы саланы цифрландырып, көлік-логистика, үйлестіру, сауда ережелеріндегі түйткілді мәселелерді жеңілдету қажет. Дүниежүзілік сауда ұйымының стандартын енгізу де ұсынылды. Бұл туралы 13-ші Орталық Азиялық сауда форумында айтылды. Іс-шараға Азия, Еуропа елдерінен және АҚШ-тан келген 300-ден аса мемлекеттік мекеме өкілдері мен бизнесмен қатысты. Жиынды ұйымдастыруға АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі мұрындық болған. Форум аясында көрме ұйымдастырылып, 40-тан аса отандық және шетелдік компания өнімдерін көрсетті. Айта кетейік, былтыр еліміздің Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 7 млрд 700 миллион долларға жеткен. Ендігі мақсат осы көрсеткішті ұлғайту. 

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
-Енді осы 5-10 жылдың шамасында біз осы сауданы екі есеге өсіруге мақсат қойып отырмыз. Мысалы, Өзбекстанмен 10 млрд долларға тауар айналымын жеткізу. Қырғызстанмен 3 млрд долларға, Тәжікстанмен 2 млрд долларға және тағы басқа мемлекеттермен де Орталық Азиядағы сауданы дамыту мақсатын қойып отырмыз.