Хабар телеарнасы

Өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады

Биылғы төрт айда өндіріс көлемі 7 трлн теңгеден асып, 5,5 трлн теңгенің тауары экспортқа шыққан. Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Премьер-министрге осылай деп есеп берді. Өңдеуде қай сала алда келеді? Қай бағытқа көңіл бөлу керек?

Министр Шарлапаевтың сөзінше биыл тұрмыстық техника өндірісі 4 есеге жуық өскен. Бұған Алматыда Қытайдың «Xiaomi» теледидарларын құрастыру зауытының іске қосылуы сеп болған. Алдағы уақытта Түркістанда тоңазытқыштарды құрастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Samsung және Қытайдың басқа да белді компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Машина жасауда да ілгерілеу бар екен.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
-Машина жасау саласының өсімі 22% құрады. Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 8,6% ұлғайып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарлануда. Теміржол машина жасау секторы локомотивтер мен вагондар өндірісінің өсуі есебінен 2,5 есеге артты.

Алайда жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр. Әсіресе тері және жүн өңдеу кәсіпорындары жабылудың аз-ақ алдында. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, елдегі тері илеумен айналысатын 9 кәсіпорынның жүктемесі қазір небәрі 6% қана.

Нұрман Нүптекеев, ірі қара және қой терісін өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:
-Жеңіл өнеркәсіп саласына дейін жеткізіп, аяқ киім тігіп, өзіміздің нарығымызда бағалап жеткізсек, сонда біздің терімізге сұраныс болады. Өндіріп жатқан өнімнің 95% сыртқа кетіп жатыр. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы фиништік деңгейге жеткізсек, сұраныс пайда болса, ешқандай да сыртқы рынокқа тәуелді болмас едік. Қазір біз сыртқы нарыққа тәуелді болғанмен, бағаны да қоя алмаймыз.

Мұндай қарқынмен Президенттің өңделген өнім көлемін 70% жеткізу туралы тапсырмасын қалай орындалмақ?

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Министрлік 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарын әзірледі. Кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 176 млрд теңге сома құрайтын 58 жоба іске асыруға жоспарлануда. Жалпы кешенді жоспарды іске асыру қайта өңделген өнімнің үлесін 1,4% ұлғайтуға, өңделген өнімнің үлесін 70% дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Енді мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өндірісті тереңдетуге және отандық үлесті арттыруға міндеттеледі. Ал терең өңделген өнім шығаратындарға салықтық жеңілдіктер жасалады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Біз шикізатты емес жоғары өңделген тауарларды өндіруіміз қажет. Сонда ғана табыстың көбісі елімізде қалады, экономиканың күрделілігі өседі. Жаңа Салық кодексінің жобасында салық ставкасы шығарылатын тауардың өңдеу деңгейіне байланысты болады. Яғни кәсіпорын жоғары өңделген тауар шығарса, салық ставкасы төмен болады, ал жай шикізат шығаратын болса, салық жоғары болады. Бұл өндірістік дамуды ынталандыратын маңызды қадам. Бұрын бізде мұндай тетіктер болмаған.

Осылай деген Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге мынадай тапсырмалар берді. Биыл индустрияландыру картасы аясында іске қосылуы тиіс өңдеу өнеркәсібінің 180 жобасын уақтылы жүзеге асыру. Олар сәтті орындалса, 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвесторлардың барлық сұрақтарын әуре-сарсаңға салмай, жедел шешу қажет.

Сондай-ақ Үкімет басшысы министрлерге депутаттармен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Айтуынша, оларда сан саланы дамытуға арналған ұсыныстар мен идеялар көп. Тіпті кеше Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевпен кездескенін де айтты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Әлібек Әлиев