Шетелден ауыл шаруашылығы техникасын әкелетіндерге субсидия берілмейді
Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Бірақ бұл ереже бәріне бірдей емес. Құзырлы орган 17 түрлі техниканы мемлекеттік қолдау тізімінен алып тастаған. «Себебі олар өзімізде де құрастырылады», - дейді министрлік өкілдері.
Отандық техниканы сатып алғандарға шығынының 30%-ін Үкімет өтеп береді. Ал қант қызылшасы, мақта, картоп және басқа да көкөністерді жинайтын тракторлар мен комбайндар бізде шығарылмағандықтан, оларды сатып алу құнының бір бөлігін мемлекет бұрынғыша фермерге қайтарып береді.
Айта кетейік, бізде ауыл шаруашылығы техникаларының 70%-тен астамы ескірген.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы:
- Бұрынғы қағиданың редакциясында 70% бюджет, 46 млрд жаңағы импорттық техниканы субсидиялауға жұмсалатын. Өзіңіз білесіз, ол ақшаның бәрі шетелге кетеді. Сол себептен осындай өзгерістер енгіздік. Әлемдегі аты шыққан компаниялардың техникасы, тракторы болсын, комбайны болсын 250 млн теңгеден бастап 500 млн теңгеге дейін құны.