Қазақстанның сыртқы қарызы 27 трлн теңгеге жетті
Бұл туралы Мәжілісте Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты. Ведомство басшысы еліміздің кірістері мен шығыстарына тоқталып, бюджеттің игерілуін де баяндады. Ал Жоғары аудиторлық палатаның Үкімет жұмысына көңілі толмайды.
Жиында алғаш боп сөз алған Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің сөзінше, былтыр ел қазынасына 19 трлн теңге кіріс кірген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 трлн теңгеге көп. Оның біразы салықтан түскен. Алайда шығыс кірістен де көп. 2023 жылы сан салаға 22 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Бірақ соның өзінде біраз жоба жүзеге аспай қалған.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
-Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38% ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды. 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-Министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін.
Қаржысы бөлінсе де, Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған ұлттық бағдарламаны жүзеге асырмаған министрлер мен әкімдерге депутаттар да ашулы. «Жап-жақсы жобаның ту-талақайын шығардыңдар»,— дейді олар.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Жайлы мектеп жобасы 3 рет қайта қаралды. Саны да қысқарды. Бастапқы межеленген 401 мектептен 369 мектепке дейін түсті. Яғни 32 мектеп қысқарып қалды. Құрылысты тапсыру межесі де созылып келеді. Президенттің тікелей бақылауында тұрған осынау бірегей жобаны кешіктіру ауыл баласының болашағына балта шабумен бірдей деп есептейміз.
Үкімет мүшелері мұнымен келіспейді. Жобалардың іске асуы кешікті деген артық, «бәрі кестеге сай кезеңімен жүріп жатыр» деген жауап естідік.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
-Қазіргі уақытта 100 жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 60 жоба маусым, 48 жоба шілде айларында беріледі. 1 қыркүйекке 98 мектеп және 15 желтоқсанда 119 мектеп біз саламыз.
Ауыл медицинасын дамытуға арналған ұлттық бағдарламаның орындалуына да депутаттардың көңілі толмайды. 227 нысанның әлі күнге дейін жобалық-сметалық құжаттары жасалмаған. Биыл пайдалануға берілуі тиіс емдеу мекемелерінің біразы әлі аяқталмапты.
Ал жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, Үкімет қаржыны тиімсіз игеру жөнінен де алдыңғы орында. Палата жөн-жосықсыз жұмсалған қаражаттың жалпы сомасы 489 млрд теңге деп отыр. Депутат Ерлан Сайыров үй ішінен үй тіккен мемлекеттік холдингтерден құтылмайынша, бюджетті тиімді жұмсау мүмкін емес деп кесіп айтты.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Неге біз дәрігер, мұғалім, мүгедектермен қатар «Бәйтерек» холдингін бюджеттен қаржыландыруымыз керек. Өткен жылы «Бәйтерек» бюджеттен 552 млрд теңге алған. Сонымен бірге біз «Бәйтерекке» зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге бердік. Мемлекеттің ақшасын алады. Өздері шылқып өмір сүреді. Сонымен бірге халықты қанайды.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-Енді «Бәйтерек» холдингі ол – ұлттық даму институттарын біріктіретін холдинг. Ол жердегі қаржының бәрі біріншіден, тәуелсіз аудиттен өтеді. Бұлардың қызметі ашық. «Бәйтерек» холдингінің қызметін тиімді деп айта аламын. Өйткені былтыр олар 409 млрд теңге таза пайда тапты. Оның барлығы қазір экономикамызға жұмсалып жатыр.
Одан бөлек депутаттар салық, кірістерді көбейту, бюджет тапшылығын жою, инфрақұрылымды дамыту, инфляциямен күрес, сыртқы қарызды азайту секілді мәселелерді де көтерді. Ең бастысы өткен жылдары кеткен олқылықтар енді қайталанбауы тиіс деп Үкіметке құлаққағыс қылды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Көп сын-ескертпе айтылды. Қазір жаңа Бюджет кодексінің жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Парламентке жаңа салық кодексі енгізіледі. Үкімет депутаттардың ұсынысына байыппен дұрыс қарауы қажет. Осы кодекстермен бірлесе жұмыс істегенде аталған мәселелерді ескерген жөн деп ойлаймын.
Енді бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін сенаторлар да талқылайды. Ал министрлер мен әкімдердің 2023 жылғы жұмысына баға беріп, есепті қабылдау үшін алдағы уақытта қос палатаның бірлескен отырысы өтеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков