Хабар телеарнасы

2023 жылы бюджетке 19 трлн теңге түскен

73 млрд теңге. Былтыр мемлекеттік бюджеттің осынша қаржысы игерілмей қалған. Тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі 5-6 есеге асып түседі. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде айтылды. Жоғары аудиторлық палатаның да қорытындысы тыңдалды.

Былтырғы кіріс пен шығысымыз қанша? Әуелі осыдан бастасақ. Республикалық бюджеттің кірісі 2023 жылы 19 трлн теңгені құраған. Ал шығыс 22,4 трлн теңге болған. Былайша айтқанда, табысымызға қарғанда шығынымыз артық. Жетпеген ақша әдеттегідей Ұлттық қор мен қарыздар арқылы толтырылған. Солай бола тұра 73 млрд теңге игерілмей қалса, 489 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Үнемделген ақша - 27 млрд теңге.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

- 2023 жылы 59 стратегиялық бағыт бойынша 26 мемлекеттік органның даму жоспарында 177 макроиндикаторға және 282 нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Жыл қорытындысы бойынша 69 макроиндикаторға және 237 нысаналы индикаторға қол жеткізілді.

Депутаттар өз кезегінде енді қол жеткізуім тиіс міндеттерді атап өтті. Үкімет мүшелерінен жоспарды жүйелі орындауға шақырды. Өйткені бұған дейін бекітілген жобалар толыққанды іске аспаған. Ал кейбірі өзгерістер енгізу арқылы қысқартылған. 

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкіметтің өзі айқындаған нәтижелерге қол жеткізе алмады. Соңғы жылдары біз АӨК дамытамыз деп 10 астам бағдарлама қабылдадық. Оның бірде-біреуі соңына дейін іске асқан жоқ. Ақыры не болды? Түйедей әлеуеті бар саладан түймедей нәтиже ала алмай отырмыз.

 Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Жайлы мектеп» жобасы үш рет қаралды. Саны да қысқарды. Бастапқы межелеген 401 мектептен 369 мектепке дейін түсті.  Жоғарыда көтерілген мәселелердің жылдың соңына дейін оң шешілуін сұраймыз. Ең бастысы –  халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып келе жатыр.

Талқылау кезінде Сенат депутаттары, Мәжілістің «Ауыл», Respublica, «AMANAT» партияларының фракциялары Үкімет есебін бекітуді қолдайтынын айтты. Ал «Қазақстан халық партиясы» мен «Ақжол» партиясының фракциялары есепті қабылдаудан бас тартатынын мәлім етті. Жалпы нәтиже келесідей.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі :

-  Айтылған мәселелердің барлығы біздің алдағы жұмысымызде ескерілетін болады. Үкімет сіздермен бірлесіп жасауға дайын. Рақмет!

Айта кетейік, 2023 жылы елімізде бағаны өсуі тоқтап, инфляция деңгейі 9,8% көлемінде тұрақтады. Жалпы ішкі өнім 5,1% болды. Ендігі мақсат –  экономиканың жылдық өсуін кем дегенде 6-7% деңгейіне жеткізу.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов