Экономикалық саясат: өсімді қамтамасыз ету үшін экономикаға 9,6 трлн теңге инвестиция салынады
Экономикаға 10 трлнға жуық инвестиция. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестициялау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Қыруар қаражаттың негізгі бөлігі яғни 7 трлн теңгесі бюджеттік емес инвестиция көздері екенін айта кету керек. Үкімет басшысының орынбасарлары тағы нендей маңызды мәселелерді айтты.
Жалпы экономикалық саясаттың негізгі бағыты айқын. Ол мемлекет басшысы қойып отырған – 2029 жылға дейін экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, Жалпы Ішкі Өнімді екі еселеу межесі. Әдетте ақша салмасаң кәсібің жүрмейді ғой, экономика да сол. Инвестиция қажет. Және ол бар. 9.6 трлн тг. Инвестор кім дейсіздер ғой? Негізінен өз еліміздегі қаржылық ұйымдар мен құрылымдар. Бұл жақсы үрдіс. Әлбетте шетелден келетін каптиталға есік ашық екені екібастан белгілі. Дабыралатып миллиардтап ақша құйылды деп, соңы сұйылып кететін баяғы заман жоқ. Қай жерде проблема бар, қаражатты соған салу ләзім. Оның бір парасы - президент Атырау құрылтайында атап көрсеткен 4 инфрақұрылымдық жоба.
Инфрақұрылымдық жобаның біріншісі – жол салу. Бұл бағытта 12 мың шақырым жол салынады және жөнделеді. Бұл мақсатқа 1 трлн тг қаражат бөлу көзделіп отыр. Екіншісі Тұрғын-үй құрылысы. 17 мың адамға жалға берілетін пәтер салудан бөлек Отау, Наурыз қолжетімді ипотекалық бағдарламалары негізінде 12 мыңға жуық отбасы баспанаға қол жеткізеді. Газдандыру бағыты жиыны 300 мың адам тұратын 87 елді-мекенді қамтиды. Және төртіншісі Коммуналдық шаруашылықты жүйелеу. Ол 55 жылу орталығын жөндеп іске қосумен 6 жарым мың шақырым жылу желілерін жөндеу және жаңадан салуды көздейді.
Үкімет 2029 жылға дейін 200 ден астам жобаны қамтитын Ұлттық Инфрақұрылым жоспарын түзген. Оған 40 трлнға теңгеге дейін инвестиция салынбақ. 17-сі қазір іске асып жатыр. Ол Достық Мойынты, Дарбаза Мақтарал және Бақты-Аягөз темір жол желілерінің құрылысы. Одан бөлек Қытай мен Еуропаны жалғайтын, ертең миллиард долларлап пайда әкелетін транзиттік жобалар. Игілігін қазір көруіміз тиіс салаларға келсек, өнеркәсіпте өсім бар.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
– Экономика салаларының дамуына қарасақ, жоғарғы даму қарқыны өндеу өнеркәсібінде тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан жоғары даму қарқыны бар. Өңдеу өнеркәсібі біздің экономикамыздың басты драйверлерінің, басты бағыттарының бірі болады. Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі жобаларды іріктеп, осы саланы іске асыруға кірістік. Бұл жобаларға да өте ауқымды инвестициялар қажет. Металлургия саласы, оның ішінде қара металлургия, түсті металлургия, машина жасау саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өңдеу, мұнай, газ салаларындағы ірі жобалар бар. Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде біз еліміздегі шикізатты өңдеу өнеркәсібі арқылы табысы жоғары салаларға айналдырамыз деп отырмыз.
Шағын өндіріс, шағын және орта бизнестің дамуы назардан тыс қалмайды. Себебі оның мультипликативті әсері жоғары. Сондай-ақ биыл агроөнеркәсіп кешеніне де баса назар аударылып отырғанын атап өтті Нұрлан Байбазаров. Ауылдың стратегиялық маңызымен қатар әлеуеті де орасан.
Мәселен ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерді қолдау үшін биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру 4 есеге артттырылған. Шаруаларға ескі техникасын алмастырып жаңалау үшін қол жетімді лизинг бағдарламасы іске қосылып, 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Несиенің жалпы көлемі 100 млрд тг. Қазір елімізге сүт өнімдері, ет өнімдері, қант импортталып жатыр.
Бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы мал бағып көшпелі ғұмыр кешіп келді. Бірақ қазір ет, сүт өнімдерінің бір бөлігін сырттан сатып аламыз. Парадокс дерсің. Сол секілді қанттың да шикізатын шетелден әкеліп жатырмыз. Өзіміздегіні ұқсатудың орнына өзгелерге жалтақтап, қашанғы қол жайып отырмыз деген қисынды сұрақ үкіметтің де қаперінде бар екен. Осы түйткілдерді шешудің келесі жолдарын атап өтті министр.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Тамақ өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Даму банкінің жаңа бағдарламасы іске қосылуда. Оған 120 млрд теңге қаражат құйылады. Жалпы, біз осы үш жылда, бұл салаға 1 трлн теңдеген астам инвестиция құятын боламыз. Сондай-ақ жылыжайларда көкөністерді көптеп өсіру жобаларын қаржыландыратын боламыз. Соның есебінен бір жағынан импорттық тәуелділікті азайтамыз, екінші жағынан бұл саланың экспорттық әлеуетін көтеретін боламыз.
Таяуда президент Экономиканы ырықтандыру туралы жарлыққа қол қойды. Оның негізгі мәні экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Әсілінде дамыған елдерде мемлекеттің экономикадағы үлесі 20 пайыздан аспайды. Бұл ретте бізде жекешелендіруді жүйелі түрде жүргізу үшін Ұлттық Офис құрылды.
Бауыржан Мұқан «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарушы директоры:
– Мемлекеттің экономикадағы үлесінің 14 пайызға қысқартуы мәселесінің мақсат етіп қойылуы бар. Ол тек бір ғана цифрмен белгіленіп жатқан дүние емес. Мұнай және мұнайды өңдеу зауыттарындағы осы процесске төмендету мәселесі қарастырылады деп есептесек, онда бұл жерде біраз мәселенің белгілі бір деңгейде бәсекелестік ортаның қалыптасуын біз айта аламыз.
Ұлттық экономика министріне қойылған тағы бір аса маңызды сұрақ - бұл Салық Кодексі. Бұл жобаны қайта қарау қажеттігі туралы Президент те айтқан. Осы Тұжырымдама қалай өзгереді? Халықтың, бизнес өкілдерінің және сарапшылардың ойлары, ұсыныстары ескеріле ме?
Мәселен шағын және орта бизнес өкілдерінің бұйымтайлары. Айталық жалақыдан ұсталатын салық пен төлемдер саны табыстың 36-40 пайызына дейін жететінін кәсіпкерлер жиі көтеріп жүр. Бұл өз кезегінде өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызмет құнына әсер етіп, қымбатшылыққа алып келетінін бағамдау қиын ем.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министр:
- Біріншіден, ол – салықтық әкімшілендіруді жетілдіру. Бұл салада біз сервистік модельдеуді қолданатын боламыз. Салық салушылары мен салық органдары арасындағы қарым-қатынасты ашық түрде жүргізу. Оны әріптестік түрінде, бір-бірімізге көмектесу арқылы, дер кезінде есептілікті бермеген кезде жазалау емес, ынталандыру, оларға көмек көрсету принципі қолданылатын болады.
Министр атап өткендей салық мәселесінде бизнестің, инвестордың, мемлекеттің мүддесі бар. Теңгерім керек. Қарапайым қағида: егер бизнесті қолдамасаң, қазынаға түсетін ақша да азаяды. Бұл ретте алым-салық түрлерін азайтып, бір ғана салық төлеу ұсынылған. Кәсіпкерлердің сұрап жүргені де осы. Сондай-ақ зейнетақы аударымдарынан табыс салығын алып тастау көзделген. Ол деген сөз зейнетақыға 10 пайыз қосылады деген сөз.
Сапарбай Жобаев, экономист:
– Негізгі салық жүктемелері үлкен компаниялардың табысына, кейін олардың жалақыларына, әлеуметтік салықтары көбірек болады да, ал енді мынау кіші және орта бизнестегі мұқтаж адамдардың салықтық жүктемесі азаяды. Квазимемлекеттік кәсіпорындар бүгінде ЖІӨ 60 пайызын беретін болса, оларда кей уақтарда негізсіз табыстары көбейіп кетіп жатыр еді. Осы мәселелерді салықтық кодекстегі жаңа талаптар өзгертеді.
Биылғы су тасқыны көп залал келтірді. Соған қарамастан межеленген шаралардың ешқайсысы доғарылмады. Экономиканың барлық салалары қалыпты дамуын жалғастыруы тиіс. Оның сыртында инфрақұрылымдық жобалардың жұмыстары қызу жанданып жатқанын атап өтті министр. Мәселен биыл құрылыс пен сауда саласы өте жақсы өсім береді деген болжам бар екен.