Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы биыл 9,5 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының даму жолы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікке дейін. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин "Қытай және Қазақстан: жаңа көкжиекке ортақ ұмтылыс" атты авторлық мақаласында осылай деді. Көрші ел басшысы Бейжің мен Астана арасындағы саяси өзара сенім деңгейіне тоқталып, 32 жыл бұрын Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағанын еске алды. Содан бері екіжақты қатынас қарқынды дамып келеді. Оған - төрт маңызды қағидатты дамыту және көбейту, атап айтқанда, екіжақты қатынастарды дамытуда тұрақты динамиканы сақтау мүддесінде өзара сыйластық, тату көршілік, өзара көмек және өзара пайда – көмектесті деп атап өтті. Шығыс көршіміздің мемлекеттік сапары қаншалықты маңызды екенін, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардан бағамдау қиын емес. 

Былтырғы сапарында Қытай елінің лидері Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығына қатысты ұстанымын айтты. Авторлық мақаласында Си төраға, сол ұстанымына тағы да тоқталды. Қазақстанның ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуына қарсы екендігін атап өтті. Яғни Бейжің үшін Астана қаншалықты маңызды ел екенін атап өтті. 

Сонымен, Қытай Халық Республикасының төрағасы осымен 5 рет елімізге келіп отыр. Бұл жоғарыда атап өткендей шығыс көршілеріміз үшін Қазақстанның орнын білдіреді. Мақаласында Қытай лидері экономикалық байланыстар турасында былай деген еді:

«Өзара пайда мен бірлесіп даму рухында біз жаңа айтулы нәтижелерге қол жеткіздік. Екіжақты сауда-саттықтың былтырғы көлемі рекордты 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы. Жаңатас ЖЭС-ы, Тұрғысын СЭС-ы сияқты стратегиялық маңызды жобалар сәтті іске қосылды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қытай-Қазақстан мұнай-газ құбырлары қауіпсіз әрі тұрақты негізде жұмыс істеп тұр, ауылшаруашылық өнімдерінің барлық түрін жеткізуге байланысты кедендік рәсімдеуді жеделдететін жасыл дәліз құрылды, қытайлардың дастарқанында Қазақстанның жоғары сапалы, экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдері көбейіп келеді».

1992 жылдың  қаңтар айынан бастау алатын Қазақ-қытай қарым-қатынастарының негізгі экономикалық тұстарына тоқтала кетсек. Былтыр 41 млрд долларға алыс беріс жасасақ, биылғы жылғы беталыс та жаман емес. 

Биыл қаңтар наурыз айлары аралығында екі ел арасындағы сауда айналымы 9 жарым млрд АҚШ долларына жетті. Оның 3,4 млрды Қазақстанның экспорты. Атап айтқанда минералды өнімдерді, отын-энергетика өнімдерін, металдар, химия өнеркәсібі өнімдерін экспорттаған екенбіз. Сондай-ақ 6,1 млрд долларға машина жабдықтары, көлік құралдары, аппараттар мен құрылғылар, химия өнеркәсібі өнімдері, металл бұйымдары, мақта мата және тоқыма өнімдері, аяқ киім, бас киім, галантерея өнімдерін импорттаппыз. Былтырғы жыл қортындысына сәйкес елімізге Қытайдан 11 млн тоннаға жуық жүк жеткізілсе, біз көршіге 17 жарым млн тоннаның жүгін жөнелттік. Екі ел арасында 43 әуе рейсі қатынайды. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы былтырғы алыс-беріс 1,3 млрд доллар болған. Отандық 1 718 ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші Қытайға өнімін экспорттауға құқығы бар бар. Олардың 86-ы мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаса, 1 629-ы өсімдік шаруашылығы өнімдерін шығарған.

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеуші Қазақинвест жалпы құны 28 млрд долларға жуық 96 жобаны жүргізуде. Олардың барлық ұйымдастырушылық құқықтық жұмыстары бір жақты болып, сәтті іске асса 22 мыңға дейін жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бір- екі мысал келтірсек.   

Қазір Ақмола және Қостанай облыстарында Қытайдың ШансэйСаньХуа деген агроөнеркәсіп алыбы бидайды қайтадан кешенді өңдеу жобасын қарастырып жатыр. Біздің тарап жер мәселесін шешіп беруі тиіс. Жоба іске асатын болса онда нуклид қышқылы, глютамин және өзге де қосылған құны бар дайын өнімдер шығатын болады. Сондай-ақ Лянюнгань портымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлік хаб жобасы қарастырылуда.  Оның сыртында автомобиль құрастыру өндірісі, Қазақстандық үлесті арттыру, бұдан бөлек мұнай химия саласы да маңызды. Елімізде полипропилен зауыты салынды, алдағы 3-4 жылда полиэтилен шығаратын кәсіпорын салынбақ. Химия өнеркәсібінің біздің елде болмаған тағы бір бағыты бар.

Бауыржан Айтқұлов, «Kazakh Invest» ҰК  жобалар департаментінің директоры:

– Көмір химиясы. Қытайда әлемде бірінші орында тұр, мынау көмірді кешенді қайта өндіру бойынша. 300 жылға біздің қор жеткілікті. Көмірді қайта өндіру Қазақстанда негізі жоқ. Сол қытай инвесторларымен бірлесіп сол жобаларды пысықтауда.  Сонымен қатар кеше Түркістан облысында болдық. Үлкен Қытай инвесторымен кездестік. Сонда ЛейХуа деген компаниясы мынау мақта өндіру үлкен класстерін салайын деп жатыр. Ол класстер, 40 мың гектарда 8 үлкен фабрика салынады

Өткен айдың соңында Қытайдың Үрімші қаласында халықаралық көрме өтті.  Оған біздің 40 тан астам кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынған. КазТрейд өкілдерінің айтуларынша отандық кәсіпкерлердің түрлі халықаралық сауда-экономикалық форумдарға нақты ұсныспен баруы нәтижесінде еліміздің экспорты 19 пайызға өскен. Әсіресе аулышаруашылығы тауарларына сұраныс биыл артып отыр.

Жұлдыз Қашаева, «QAZTRADE» АҚ сауда саясатын дамыту орталығы экспортты ілгерілету департаменті директорының орынбасары:

 – Бидай ұннан басқа осы көрмеге қатысудың аясында біздің ет өнімге, бал өнімдеріне, одан қалса мынау ұсақталған бие сүті, түйе сүті, осындай тауарларға да үлкен сұраныс, қызығушылық білдіріп жатыр.

Енді екі ел арасында жүзеге асып жемісін беріп жатқан инвестициялық жобалардан бір мысалды келтірсек. Қызылорда облысындағы шыны зауыты.  

Қытай тарапы  40 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған өндірістік желі жылына 200 мың тоннаға жуық шыны табақшасын шығарады. Өнім орта Азия мемлекеттерімен қатар Грузия, Әзірбайжан тіпті Балтық жағалауы елдеріне экспортталып жатыр. Негізгі шикізат - Аралдың кварц құмы. Оның сапасы жақсы болғандықтан Сырда өндірілетін әйнектің мөлдірлігі 91 пайыз екен.  Аумағы 50 гектарды құрайтын алып кешенде 3 ауысым бойынша 370 адам жұмыс істейді. Оның 270-і жергілікті тұрғын. Барлығы арнайы қайта даярлау курсынан өткен. Енді Сыр өңірі күрішімен ғана емес – шынысымен  де танымал болмақ.  Ілеспе жобалардың алғашқысы ретінде  – энергия үнемдеуші әйнектер өндіру желісін де айта кету керек. 

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Егер жәй шыны түссіз болатын болса, ал энергия үнемдейтін шыны 9 түрлі түспен шығатын болады. Яғни сырттан келген ыстықты ішке өткізбейтін немесе іштегі жылуды сыртқа шығармайтын арнайы шыны болып табылады. Шыны қосалқы өндіріс болып табылады. Оған қасына шыны кластерін құру үшін бірнеше жобалар осы жерге қондырылады

Хан Ли Джун, шыны зауытының бас директоры:

- Жобаның қуаты жылына 197 мың тонна өнім. 2023 жылы кәсіпорын шыны өнімдерін толық шығара бастады. Былтыр күміспен қапталған шыны өндірісінің бірінші желісін енгізуге тағы $15 млн инвестиция салды. Шыны өнімдерін шығаратын компания алдағы уақытта Орталық Азия елдерінің қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады деп күтіліп отыр.

Қытай сөз жоқ еліміз үшін ең басты сауда-экономикалық серіктеске айналып отыр. Оған статистика ғана емес, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар мен біз тұтынып отырған игіліктердің біразы айғақ. Ал сандарға келсек 2013 жылы Қазақ-Қытай тауар айналымы 17 млрд доллар болса, былтыр оның 41 млрд долларға жеткені сөзімізге дәлел.