Хабар телеарнасы

Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалы артып келеді

Биыл жыл соңына дейін 8 млн тонна тауар ауыстырып, тиеу жоспарланған. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жүк жөнелтетін отандық және шетелдік компаниялар көбейген. Осы дәліз арқылы өткен жеті айда тасымалдау 63%-ке өсіп, 2,5 млн тонна болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүк тасымалын бес есеге ұлғайту міндеті қойылған. Бұл мақсатқа жету үшін 2028 жылға дейінгі кешенді жоспар қолға алынып, теңіз порттарының акваториясын тереңдету, айлақтарды жаңғырту, тиеу-түсіру техникасын жаңарту көзделген. Порттар іргесіндегі теміржол инфрақұрылымы да дамытылмақ.

Қасым Тілепов, ҚР Көлік министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Сауда флотын дамыту аясында 7 кеме құрылысын салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2 паром, 2 контейнерлік кеме және 3 танкер. Ал бүгінде қазақстандық флоты 17 кемеден тұрады. Қазір Ұлттық теңіз тасымалдаушы өз серіктестерімен техникалық мәселелерді пысықтауда.