Биыл Қытайға 2 млн тонна астық жеткізу міндеті қойылып отыр
Ал болашақта экспортты 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл жайлы Премьер-министрдің орынбасары жедел штаб отырысында айтты.
Жиында астықты сыртқы нарыққа тасымалдау көлемін арттырудың мүмкіндіктері қаралды. Серік Жұманғарин Ауғанстанға ұн тасымалын ұлғайтудың да қажеттігін атап өтті. Сол себепті Алматыда өтетін «Қазақстан-Ауғанстан» бизнес-форумында жаңа келісімшарттар мен логистика мәселелерін пысықтауға баса мән беру керек.
Бүгінде еліміз бидайды негізінен Қытайдың шекаралас және орталық провинцияларына жеткізіп отыр. Арпа мен жем-шөп Қытайдың барлық аумағына жөнелтіледі. 9 айда Орталық Азия елдеріне 2,9 млн тонна астық экспортталды. Қытайға 1,3 млн тонна, Иранға 211 мың тонна, Ауғанстанға 127 мың тонна астық жөнелтілді. Бұған қоса, Италия, Түркия мен Ресейге де астық жеткіздік.
Жалпы жыл басынан бері астықты жабық вагондарда тасымалдау 75%-ке, астық тасығыштармен тасу 5%-ке өсті. Ал контейнерлермен жеткізу 26%-ке азайыпты.