Хабар телеарнасы

Қазақстанда доллар бағамы өсіп жатыр

Қазақстанда доллар бағамы өсіп барады. Ол биылдыққа болмаған межеге жетті. Ұлттық банк доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 489 теңге деп бекіткенімен, қазір Астанада АҚШ валютасын 493 теңгеден сатып жатқандар бар. Бір ай бұрын ғана ол 480 теңгеден асқан еді.

Жалпы соңғы 5 жылда доллар 100 теңгеге қымбаттады. Мәселен, 2020 жылдың басында ол 380 теңгенің маңайында болса, 2021 жылы орта есеппен 420 теңге болды. Ал 2022 жылы 460-470 теңге шамасында құбылды. Тек 2023 жылы ғана аздап тұрақталып, 450-470 теңге аралығында тұрды.

Биылғы жыл да теңге үшін жаман басталмаған еді. Алайда күзге қарай ол қайтадан көтерілді. Ал мұның арты теңгенің құнсыздануына, яғни девальвацияға алып келмей ме? Сенатта журналистер Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновке осындай сұрақ қойды. Бірақ ведомство өкілі алаңдауға негіз жоқ, - дейді. Айтуынша, бізде қазір импорттан гөрі экспорттың үлесі басым. Сауда тепе-теңдігі бар. Сондықтан девальвацияға да болмайды,- деп отыр

Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Соңғы 3 жылда бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі сарапшылар, «енді доллар бағамы өте жоғары болады», - деп байбалам салып келеді. Бірақ олай болған жоқ қой. Тіпті кей жылдары төмендеген кездері де болды. Ал девальвация болу үшін ауқымды негіз керек. Қазір бізде ондай себеп жоқ.