Сенаторлар үш жылдық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында екі бірдей заң жобасы қаралып, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселесі Мәжіліске қайтарылды. Бюджет шығыны 60 млрд теңгеге дейін ұлғаятын болды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жоба мақұлданды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Сенаттың жалпы отырысында қаралған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы және республикалық бюджет туралы заң жан-жақты талқыланды. Екеуі де алдағы үш жылға арналған мерзімді қамтиды. Белгілі болғандай, Ұлттық қор қаражаты мемлекеттік міндеттемелерді орындау жөніндегі шығыстарды қамтамасыз ету үшін жұмсалады. Ал бюджет жобасы 2025-2029 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында әзірленген.
Екі бірдей заң жобасы бұған дейін Мәжілісте қаралған еді. Бүгін Парламенттің жоғарғы палатасында таныстырылды.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, трансферт мөлшері мұнай бағасына сай айқындалған. Бірақ Ұлттық қордың қаржысын көбейтуге де баса көңіл бөлінді.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 және 78,7 млрд АҚШ долларын құрайды. Заң жобасын қабылдау жалпы республикалық бюджеттің теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал республикалық бюджет жобасында негізінен әлеуметтік салаға басымдық берілген. Тек алдағы жылы бұл мақсатқа 9,8 трлн теңге бағытталмақ. Бұл бюджет шығысының 38%-і. Негізінен ауызсумен қамту, ауыл-аймақты өркендету және өзге де маңызды жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ.
Заң жобасын талқылаған депутаттар Үкіметтің экономиканы әртараптандыру бойынша қандай шараларды іске асыратынын да сұрап білді. Себебі – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Әрі экспортке жөнелтілетін тауар түрлерін де көбейтуге үлес қосатын басты міндеттің бірі.
Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Үкіметтің әртараптандырылған ұлттық экономика құру жоспарлары қандай? Және терең өңдеу салаларын дамыту, шикзаттық емес экспортты ұлғайту қалай қамтамасыз етіледі?
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Жалпы экономиканы әртараптандыру бағытында өте маңызды мәселе – ол отандық өндірушілерді қолдау. Мысалы, мемлекеттік сатып алу шеңберінде. Біз қазір тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың тізбесін 1,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін тауарлық позицияға жеткіздік. Ол – үлкен қолдау. Яғни кез келген мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік компания осы 4,5 мың тауарлық позиция бойынша ешқандай импорттық тауарларды сатып ала алмайды. Осы шараның нәтижесінде биылдың өзінде қазақстандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттардың саны 55%-ға өсті, яғни осы келісімшарттардың жалпы сомасы 350 млрд теңгеге дейін жетті.
Отырыс барысында елдің басты қаржы құжаты қызу талқыға түсті. Түрлі бағыттардағы істерді атқару үшін жұмсаудан өзге, шығыстың орнын толтыру мәселелері де айтылды. Бұл ретте өндірісті күшейту, жаңа кен орындарын игеру және сол арқылы салық түсімін арттыру жағы да жан-жақты сөз болды. Дегенмен екі бірдей заң жобасының ішінде тек Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы құжат қана мақұлданды. Ал алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы толықтыру үшін Мәжіліске қайта жіберілді.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Үкіметтің резервінен 60 млрд көлемінде қосымша қаржы қаралып, соған байланысты өңірлерді дамытуға 28,3 млрд, су және кәріз желістерін дамытуға 23,1 млрд теңге және 8 млрд теңге көлемінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасына қаржылар бөлініп, соны біз бекіту мақсатында Мәжіліске қайтарып отырмыз.
Мәулен Әшімбаев, Парламент Сенатының төрағасы:
- Сенаторлар өңірлердің өкілдері ретінде жергілікті мәселелерді шешуге арналған жаңа ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінетін болады. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жақсартуға қосымша қаражат қарастырылды.
Отырыс барысында қаражаттың ағымдағы жұмыстарға емес, қайтарымы мол болатын салаларға жұмсалуы керектігі де айтылды. Депутаттар: «Үнемдеу мен тиімді игерудің арқасында елдің даму жоспарынан туындайтын міндетті іске асыруға басымдық беру қажет», - деді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Ақшлоақов