Атырау тарихи-өлкетану мұражайы жаңа мұрағаттармен толықты
Мамандар бұл дүниелердің тарихын біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырда Хазар теңізін мекендеген сарматтар дәуірімен байланыстырып отыр.
Қанатты пырақ бейнеленген алтын сырға, күміспен күптелген кісе, темірден соғылған ат ауыздықтары. Бұлар – Қызылқоға ауданындағы ірілі-ұсақты 16 обаға жасалған зерттеудің алғашқы жемісі. Ғылым үшін қоладан құйылған мына қазанның да сыры көп.
Айдос Кәрім, археологиялық ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы:
- Бұл қазанның ерекшелігі тұтқаларында. Аңның суреті бейнеленген. Соның ішінде киік бейнеленген. Біздің жерімізде киік-ақбөкендер жиі кездеседі. Демек, бұл осы аймақта құйылып жасалды деуге негіз бар.
«Миялы қорғаны» кешенінен барлығы 87 бұйым табылды. Мыңдаған жыл бойы топырақтың астында жатқан тарих жауһарлары түрлі өзгерістерге ұшыраған. «Оларды осы қалпында музей көрмесіне қою мүмкін емес», – дейді мамандар.
Бақтыгүл Хасанова, Ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі:
- Жәдігерлер қалпына келтіру үшін Алматы қаласына жіберіледі. Келгеннен кейін олар музей экспозициясынан орын алатын болады.
Ғалымдар бұл жәдігерлерді көне темір дәуіріне жатқызып отыр. Қалай дегенмен де бұйымдар Каспий маңын мекендеген тайпалардың дамыған қолөнері мен озық өркениетінің айғағы екені даусыз.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бүгінде ғалымдар үшін қоладан, темірден, тіпті алтыннан жасалған бұйымдар жаңалық болудан қалды. Бұл жолғы археологтардың назарын аударып отырғаны мына қорамса болып отыр. Қорамсаның ерекшілігі сонда, әдетте бұрын көшпенділер қорамсаны мал терісінен дайындайтын. Бұл жолғы жәдігер қайыңның қабығынан жасалған.
Атырау облысында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасады. Еліміз бойынша үшінші «Алтын адам» табылған «Аралтөбе», алтын әшекейлі әйел мүрдесі шыққан «Қорғанша» қаласының да талай сырды ішіне бүгіп жатқаны анық. Сондықтан ықылым замандарда сарматтар мен сақтардың отаны болған өңір ғалымдардың назарын аударары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин