Браконьерлермен күресте қаза тапқан инспектор Е.Нұрғалиев «Барыс» орденімен марапатталды
Қайсар қорықшының қарақшыларға қарсы тұрғаны қалың қазақты сүйсінтті. Бірақ қапыдағы қаза қабырғаны қайыстырып кетті. Жұрт батыр ұлын жоқтады. Мұқым ел ерлігіне мадақ айтты. Елбасы да сол қасиетін елеусіз қалдырмады. Мемлекеттік наградамен марапаттады.
Адалдықтан айнымай, ажалдан қаймықпаған Ерлан Нұрғалиевті бүгін де бүкіл ел жоқтап отыр. Ол туған жері Баршын ауылында жерленді. Артында келіншегі мен жалғыз ұлы және немерелері қалды. Бүгінгі мемлекеттік награда қазаның орнын толтыра алмас. Десе де ердің қайсарлығы елеусіз қалмақ емес. Марқұм қызмет еткен мекеме қызметкерлері де бұл хабарды қуанышпен қабылдады. Олар Ерлан Нұрғалиевтей арда азаматтың орны қашан да ойсырап тұратынын айтады. Қорықшының сол күнгі қайсарлығы қатардағы барлық қызметкерге үлгі болатындай іс еді.
Жаннат Таңсықбаев, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК директорының орынбасары:
- Ол өмірден өткенше елін, жерін қорғады. Марқұм осыған дейін құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Ерлан 2012 жылы зейнетке шығады. Сол кезде мен оның физикалық қабілеті мен қайсар мінезіне тәнті болып, жұмысқа шақырған едім. Жұмысты адал атқаратын, ұқыпты қызметкер болды. Менің бір айтатыным, ол өз елінің нағыз патриоты болды.
Оқиға 13 қаңтарда болды. Кезекшілікте жүрген инспекторлар бес атылған киікті табады. Дереу ізге түсіп, темір тұлпар тізгіндеген қарақшыларды өкшелеп, ақыры тоқтатады. Бірақ қарсы жақтың күші басым болып, қорықшылар соққыға жығылады.
Астана мен Баршын арасы 243 шақырым. Ерлан Нұрғалиев жарақат алған сәттен бастап тиісті медициналық жәрдем көрсетілгенше 10 сағаттан артық уақыт өтіпті. Дәрігерлердің айтуынша, оны бірнеше сағат бұрын ертерек әкелгенде, аман алып қалуға мүмкіндік бар еді.
Нұрлан Нұрғалиев, Е.Нұрғалиевтің інісі:
- Басы жарылған, артқы жақтан соққы жасалған. Сол халмен орындыққа шалқайтып алып келді. Басындағы жарақатқа уақытша таңғыш жасап, йод жағып, қолдан келген медициналық көмекті жасап, Астанаға тарттық.
Ер есімі – ел есінде. Марқұммен ұзақ жыл бірге қызметтес болған Петр Ницыкке де III дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Ал қорқшыларға шабуыл жасаған күдіктілер қолға түсіп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда осындай 10 дерек тіркелген екен. Бірақ олардың біреуінде ғана браконьерлер жазаға тартылған.
Авторы: Бірлік Берікұлы