Астана әуежайында Қазақстандағы тұңғыш тазалағыш робот пайда болды
Былтырғы жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік экономикалық форумда сарапшылар осындай болжам айтқан еді. Сол болжам шындыққа айналып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Қазақстандағы тұңғыш тазалағыш робот таныстырылды. Шаңсорғыш шаршай ма және қанша адам жұмыссыз қалады?
Тазалық табалдырықтан басталады. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы тазалық пен тәртіпті 200-ден астам қызметші қадағалайды. Енді бұл міндет роботтарға жүктелмек. Шаңсорғыш роботтар шаршамайды. Ешкім кедергі келтірмесе, бір сағатта бір мың шаршы метр еденді жуып шыға алады. Ал елдегі ереже бойынша бұл жүктеме адамдарға сағатына 400-450 шаршы метр.
Әлібек Қабылбай, кластерлік қорының басқарушы директоры:
- Робот шаңсорғыш жобасының авторлары, инновациялық идеясы – Якутия университетінің түлектері. Бірақ қазақстандық жоба болып табылады. Ертеңгі күні экспортқа шығарылатын бұл өнім Қазақстандық болып шығарылады. Қазірдің өзінде осы роботқа сұраныс үлкен.
Қазақстандағы тазалық компаниялары осындай 100 құлтемірге тапсырыс берген. Ал көрші Ресей 500-ін сатып алуға дайын. Жобаның нақты құны бүгін айтылған жоқ. Коммерциялық құпия. Дегенмен роботтың темір қалыбы 2,5 млн теңге, ал оның миы үшін тағы төлеу қажет. Якутиялық студенттердің Қазақстанды таңдауына сонда не себеп?
Николай Попов, жоба авторы:
- Бәрі осы жерден басталады. Шығыс пен Батысты байланыстырудың мыңжылдық мәдениетінен аттап кете алмадық. Қазақстан – бизнесті бастайтын ең ыңғайлы орта. Мемлекет тарапынан стартап жобаларға бөлінген қамқорлық орасан.
Бір робот 3 маманды алмастыра алады. Оның үстіне басы ауырмайды, жұмыстан сұранбайды. Табысына таласқа түскен темірқұлдарды мұндағы персоналдың жақтырмайтыны байқалып тұр. «Темірдің аты темір, адамды ешкім алмастыра алмайды» деген уәж айтады. «Ешкім жұмыссыз қалмайды», – дейді әуежай әкімшілігі.
Әнуар Ахмет, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аэровокзал кешенінің басшысы:
- Оларды басқа орынға ауыстырады. Бізде үнемі қызметкерлер жетпей жатады. Себебі халықаралық әуежай тәулік бойы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуі тиіс.
Робот, жасанды интеллект. Бұрын бұл бізге ертегідей көрінетін. Енді өзімізде өндіріледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба осы жылы толығымен іске қосылмақ.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков