Петропавлдық өрт сөндірушілер 100-ден астам отбасыны есепке алды
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы республикада 14 567 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6%-ға аз. Бірақ тілсіз жаудан көз жұмғандар саны керісінше 19%-ға артып, 434 адамға жеткен.
Астананың Байқоңыр ауданында қыста тұруға жарамсыз жекеменшік үйлер мен қосымша салынған уақытша нысандар көп. Өрт сөндірушілер рейдті бірден осы маңнан бастады.
Равза Капарова, қала тұрғыны:
- Шынында да менің пешімнің мұржасының маңайы тез тұтанатын заттарға толып тұр екен. Өткенде көршімнің үйі өртенді, кешегі жағдайды естіп отырмыз. Ұлыма ескертіп, тез арада барлық олқылықты жоятын боламыз.
Мұржаның мәселесі несімен қауіпті? Бұл қазіргідей аяз күшейгенде нақты байқалады. Үйін жылытуды мақсат еткен тұрғындар отты тоқтаусыз жағады да, ол қатты қызады. Оған жақын орналасқан шатырдағы ағаш және пластик материалдар жоғары температура әсерінен тұтанып, арты үлкен өртке айналады.
Еркін Отарғалымұлы, Байқоңыр ауданы ТЖБ бастығы:
- Тұрғындар көп жағдайда саяжайларда тұрады. Уақытша жайларда тұрады. Шын мәнісінде аталған тұрғын мекендері қыс уақытында тұруға бейімделмеген.
Қазір насихат жұмысы күшейтілді. Бірақ заң бойынша мамандар үй иесі рұқсат еткен жағдайда ғана пештің дұрыс орналасқанын, тиісінше қолданып жатқанын көруге болады.
Мамандар осылайша жер үйлерді түгел қамтуға тырысады.
Өміржан Дидар, қалалық ТЖД аға инженері:
- Үлкен кедергі ол бізге тұрғындар есіктерін ашпайды. Иттері бар. Ол кезде не істейміз? Өрт қауіпсіздігіне байланысты қағаз қалдырамыз.
Петропавлда 100-ден астам үйдің пеші қысқы маусымға дайын емес
Осыған ұқсас мәселе барлық аймаққа тән десек болады. Бір Солтүстік Қазақстан өңірінде сондай 100-ден астам үй есепке алынған. Олардың барлығы қысқы жылыту маусымына дайын емес. Атап айтсақ: пештері сыланбаған, мұржалары тазаланбаған.
Тұрлыбек Ғабдуллин, қалалық ТЖБ аға инженері:
- Пештің жанында тез жаңғыш материалдар, мысалы отындар, киімдер тұрмауы керек. Күзден бері 15 үйге газоанализатор орнаттық. Оның жұмыс тәртібі – ол пештен шыққан түтінді қабылдап, арнайы дабыл қағып, ұйқыдан ояту. Адамдарды аман сақтап қалу.
Қызылордада жыл басынан 16 өрт оқиғасы тіркелген
Қызылордалық өрт сөндірушілерде үгіт-насихат жұмысын жүйелі жүргізе бастады. Қала маңындағы елді мекендер ерекше назарда. Өрттің басым бөлігі тап осы жер үйлерде болады.
Зұлхарнай Салмырзаұлы, ТЖБ аға инженері:
- Қарапайым от жағу барсында түнде от салып ұйықтап қалу, үйдің ауасын тазартпау, уланып қалу жағдайлары, мұржаны тазартпауының салдарынан болып жатыр.
Рейд көрсеткендей, әлі күнге жеке басымызға қауіп төндіретін жайттарға салғырт қарайтындар бар екен. Мамандар ең бастысы ескертуге құлақ түріп, кемшіліктерді жоюға бей-жай қарамауға шақырады.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Ержан Рахманбердиев