Хабар телеарнасы

Шағын бизнеспен айналысатындардың кәсібін қолдауға 100 млрд теңге бөлінеді

Қазақ: «Нан бар жерде ән бар», – дейді. Расында, нан таба алмаған адам қайдан ән айтсын? Бір сөзбен айтқанда тірлігі тұралағанның тұрмысы оңбайды. Ал әрбір қазақстандықтың тұрмысы түзу болуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Ол үшін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Енді шағын және орта бизнеспен айналысатындардың кәсібін қолдауға алдағы уақытта 100 млрд теңге бөлінеді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлімдеді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Өткен жылы заңнамалық деңгейде қабылданған реформаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы бизнес үшін кедергілерді төмендету бойынша жұмыс жалғастырылады. Бөлінген 600 млрд теңге бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі, агроөнеркәсібіндегі, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басым жобаларын кредиттеу бойынша жұмыс іс жүзінде басталады. Оның кем дегенде 100 млрд теңгесі ШОБ жобаларына бағытталады.

 

Өнімді және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға ғана қаржы бөлінеді

Пайдасы өзіне де, экономикаға да аз, былайша айтқанда тиімсіз деген кәсіпорындарға қолдау көрсетілмейді. Қаржы өнімді, бәсекеге қабілетті деген кәсіпорындарға бөлінеді. Экономиканы жандандыру үшін биыл 139 ірі объект жекеге сатылады. Мол инвестиция тарту үшін Ұлттық экономика министрлігінің жанынан инвестициялық штаб құрылды. Ал Қаржы министрлігі шығыны көп кәсіпорындарды жылдам жабу үшін Парламентке қазіргі қолданыстағы заң жобасын қайта қарауды ұсынып отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Бүгінгі қолданыстағы заңнама шығынды кәсіпорындарды жедел жабуға мүмкіндік бермейді. Негізгі себеп – субъектіні банкрот деп тану үшін оның дәрменсіздігін анықтауға мүмкіндік беретін айқын ұғымдардың болмауы. Тиісті заң жобасы қазіргі уақытта әзірленіп, Парламенттің қарауында жатыр.

 

Ет өнімдерін өңдеуді дамыту шаралары

Ауыл шаруашылығы. Келер жылы 30 мың тонна сиыр етін экспорттау керекпіз. Одан бөлек бордақылау алаңдарына 350 мың бас бұқа жеткізу жоспары тұр. Ал Мемлекет басшысы тапсырған алпауыт шұжық зауытын салуға 5,5 млрд теңге бөлінген.

Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жобаның құны 5,5 млрд теңге. 20 мың тонна ет өңдейді. Кәсіпорында Еуропада өндірілген жабдықтар орнатылады. 150 адамға жұмыс орны ашылады. Қазір Астана қаласы әкімдігімен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Қазір 3,5 га жер учаскесі бөлінді.

 

Қажет мамандар «Жас маман» бағдарламасы бойынша даярланады

Жыл соңына дейін елімізде 200 жаңа аурухана мен емхана салынады. Еңбек нарығына қажет деген мамандар «Жас маман» бағдарламасы бойынша даярланбақ. Осылайша аладғы үш жылда білімді, сұраныстағы 210 мың білікті маман ел игілігіне қызмет етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін яғни, халықтың сапалы өмір сүруі үшін Үкіметтің барлық мүшесі мен әкімдер іске кірісіп кетті.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Мейрамбек Ақмаханов