Теміртау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға қаржы бөлінетін болды
Бұл ақшаға металлургиялық комбинатта зиянды заттарды сүзгіден өткізетін заманауи қондырғылар орнатылмақ. Сондай-ақ құрышты қаланы көгалдандыру, қоғамдық көліктерді газға көшіру жұмыстары қолға алынбақ.
Теміртау – еліміздегі ең лас қалалардың бірі. Мұндағы қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың 77% металлургиялық комбинаттың үлесінде. Алпауыт кәсіпорын жылына 200 мың тонна өндіріс қалдығын ауаға бөледі екен. Бұл көрсеткішті азайту үшін биыл олар газ бен шаңды сүзгіден өткізетін бірнеше қондырғы орнатыпты.
Ғазиза Ботантаева, №3 домна пешінің жұмысшысы:
- Мына домна пешінің газын, содан кейін шаңын тазартады. Басында енді шаң көбірек болған. Себебі қондырғылардың барлығын қойған кезде жиналып қалған. Соның барлығын тазартып, қазір бұрынғы көрсеткіштен көп төмендеді.
Дегенмен шаң-тозаң металлургиялық комбинаттан шығатын өндіріс қалдығының тек 10% ғана. Ал ауаға таралатын көмірқышқыл газы 50% асады. «Сондықтан бұл мәселе көмірден бас тартып, жылу электр орталығының жұмысын газға көшіргенде ғана шешіледі», – дейді табиғат жанашырлары.
Галина Дроздова, металлургиялық комбинаттың экология жөніндегі директоры:
Осы жобалар жүзеге асқанда ауаға таралатын шаң-тозаң 3 мың тоннаға азаяды деп күтіп отырмыз. Алайда қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін көмірқышқыл газы. Себебі қатты отыннан бөлінетін қалдық көп. «Сарыарқа» магистарльды газ құбырының құрылысы аяқталған кезде, екі жылу электр орталығы көгілдір отынға көшеді деп сенеміз. Сонда экологиялық жағдай да бірден жақсарар еді.
Өткен жылы құрышты қаланы өндірістік қалдықтан тазартудың кешенді жоспары қабылданған. Онда 77 экологиялық шара қамтылса, қазір соның 24-і жүзеге асыпты.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Теміртау - көшелерінде трамвай жүретін еліміздегі санаулы қалалардың бірі. Қоршаған ортаға еш зиян келтірмейтін дәл осындай қоғамдық көліктердің санын көбейту – кешенді бағдарламадағы негізгі басымдықтардың бірі. Сондықтан алдағы бірер жылда жанар-жағармаймен жүретін 200 автобусты газға көшіру жоспарланып отыр.
Биыл экологтар қаланы абаттандыру жұмыстарына да бел шешіп кіріспек. Теміртауда 42 мың түп ағаш көшеттері отырғызылады. Ол үшін 1 млрд теңге қаржы бөлінген.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин